Үкімет құрамы ауыспайды: Тоқаев

2 Сәуір 2019, 12:37
2330
Бөлісу:
Үкімет құрамы ауыспайды: Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев президент ауысқанмен, Үкімет құрамы өзгермейтінін айтты.

ҚР Президенті маман таңдаудағы қағидаттары туралы республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне сұхбатында баяндады.

«Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Үкімет жа­қында ғана жасақталғаны белгілі. Қазір көптеген қауырт жұмыстар бар. Министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Съезд тапсырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады», - деді ол. 

Сонымен қатар, Тоқаев өзінің әрдайым халыққа жақын болғанын айтып, болашақта өңірлерге сапары жоспарланғанын жеткізді.

«Мен ешқашан бұқарадан алыс болған емеспін. Өздеріңізге мәлім, біраз жылдан бері твиттер желісі арқылы өз ойларымды бөлісіп келемін. Сенат Төрағасы қызметін атқарған кезімде де ел ішіне шығатынмын. Сондықтан өңір­лерге шығып, елдің тыныс-тіршілігімен танысу жоспарда тұр», - деді президент.

Ол Тұңғыш Прези­ден­тіміздің ел билеудегі «Алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымы өзгермейтінін айтты.

«Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тарихқа аса көрнекті реформатор ретінде енді. Әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз – Елбасының жүргізген сарабдал сая­сатының жемісі. Сондықтан шетелдік сарапшылар бұл реформаларды «Қа­зақ­стан жолы» немесе «Дамудың қазақ­стандық үлгісі» деп атайды. Қазір біз­дің еліміз – Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір жетекші мемлекет. Даму жағынан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қатарындамыз.

Ұдайы экономикалық өсім болмаса, осы дәрежеге жетуіміз екіталай еді. Инвестиция, экспорт және индус­трияландыру – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға қол жеткізудің шешуші факторлары. Қазіргі заманның қарқыны өте жыл­дам. Мемлекет пен бизнестің, сон­дай-ақ орталық пен өңірлердің жұ­мыс­тарын үйлесімді түрде жүргізуіміз керек. Бүгінде Қазақстан шетел инвести­циясын тарту үшін қолайлы ахуал ор­нықтырды. Инвестиция өз-өзінен келе салмайды. Біз, бірінші кезекте, әлеуетті инвесторларға жағдай жасауы­мыз қажет. Әсіресе, шетел инвесторларына жер телімдерін бөлу, олардың инженерлік және электр желілеріне қосылуы, түрлі рұқсаттар алуына қа­тыс­ты айтарлықтай тосқауылдар бар. Мәселені жедел шешудің орнына бю­рократияға жол беріліп отыр. Соның салдарынан бірқатар облыста әкім­шілік кедергілер мен жасанды шектеулер іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік бермей отыр. Сол себептен әлеуетті инвестордың салы суға кетіп, ол басқа елді таңдауға мәжбүр болады. Бұл жағдай тек шетелдік қана емес, отандық инвесторларға да қатысты. Үкіметке және әкімдерге осы проблеманы жедел шешу мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма бердім. Инвестиция салуға кедергі келтіретін кез келген тиісті лауазымды тұлғаның жеке жауапкершілігі қаралуы қажет. Биыл Тікелей инвес­тициялар қоры құрылды. Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қор өз жұмысын тиімді жүргізетін болса, осы жылдың ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Елімізге тартылған инвестициялар мен шикізаттық емес экспорттың көлемі министрлер мен әкімдердің қызметін бағалау ісінде шешуші көрсеткіш болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта еліміздің сырт­қы саясатында қандай бағыт ұстан­атынымен бөлісті.

«Көпвекторлы саясат – Қазақстанның географиялық орналасуынан, геоэкономикасынан туындайды. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы осы жолды ұстанды. Бұл стратегияның нәтижесінде біз мемлекетаралық қақтығыстардан, аймақтық текетірестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде еліміздің сыртқы саясатының басымдығына айналды. Қазақстанды Азиядағы бейбітшілік платформасы деп айтуға толық негіз бар. 
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия, Ислам әлемі елдерімен ынтымақтастыққа баса мән береді. Оған қоса, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында біршама интеграциялық үдерістерге бастамашы болды. Бұл бағытта дәстүр са­бақтастығы сақталады, саясатымыз өзгермейді. Көпвекторлы стратегия ал­дағы уақытта да Қазақстан диплома­тия­сының басым бағыты болып қала береді», - деді президент.
Өзгелердің жаңалығы