Үгіт кезеңінде елдегі ақпарат құралдарына мониторинг жасалады

10 Желтоқсан 2020, 17:45
1109
Бөлісу:
Үгіт кезеңінде елдегі ақпарат құралдарына мониторинг жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев айтты.

Оның айтуынша, осы кезеңде министрлік бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт жүргізу жұмыстарының талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында үздіксіз мониторинг жүргізетін болады. 

Заң бұзушылықтар анықталса, алгоритм бойынша ол туралы ақпарат бас прокуратураға жіберіліп, Орталық сайлау комиссиясы хабардар етіледі. Заң талаптарын бұзған БАҚ-қа қатысты тиісті шараны прокуратура белгілейтін болады. Жауапкершілікке БАҚ басшылығы ғана емес, қызметкері және ақпарат құралының өзі де тартылуы мүмкін, - деді ол.

Ойшыбаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының үгіт жүргізу кезеңіндегі басты міндеті - сайлауға қатысушы партиялардың қызметтерін тең ақпараттық мүмкіндікпен қамтамасыз ету.

Үгіт кезеңінде ақпарат құралдарында партияларға қатысты шыққан барлық ақпараттың саны есепке алынып отырады. Мониторинг республикалық, аймақтық және аудандық ақпарат құралдарына жасалады. Сонымен қатар дәстүрлі емес интернет ресурстар да назарға алынады, - деді ол. 

Спикердің айтуынша, бұған дейін өткен сайлауалды үгіт жүргізу кезеңінде заң талаптары сақталмаған бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі аймақтарда орналасқан. Бір партия туралы ақпараттар көптеп шығып, кейбірі ескерілмей қалған жағдайлар болған. Қазіргі сайлауалды үгіт жүргізу кезеңінде осы сынды олқылықтардың болмауына мән берілмек.


Өзгелердің жаңалығы