Учаскелік инспектордың құзыреті кеңейеді

4 Қараша 2020, 11:47
3161
Бөлісу:
Учаскелік инспектордың құзыреті кеңейеді
Фото: Артём Чурсинов

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте министр Ерлан Тұрғымбаев айтты.

Оның айтуынша, алдағы уақытта учаскелік инспекторлардың саны ішкі резерв есебінен артатын болады және олардың сол лауазымда 5 жылдан кем емес мерзім қызмет етуі қадағаланады.

Президенттің қатысуымен өткен Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында Мемлекет басшысы ведомствоның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, нақты тапсырмалар қойды. Мемлекет басшысы атап өткендей, учаскелік инспектор қылмыстың алдын алуда шешуші тұлға болып саналады. Осыған орай учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру және олардың құзіретін кеңейту бағытында жұмыстар қолға алынды, - деді министр.  

Ерлан Тұрғымбаев учаскелік инспекторлардың құзіретін кеңейту үшін заңнамалық тұрғыда оларға шектеулер енгізу мен шешім қабылдау, айыппұл салу мүмкіндігін бермек.

Учаскелік инспекторлардың өз қызметін кемінде 5 жыл атқаруы өте маңызды рөл атқарады. Өйткені өз учаскесі тұрғындарының әлеуметтік портретін, криминогендік жағдайын танып үлгерген қызметкер ғана тиімді жұмыс істеп, нәтиже көрсетеді. Сондай-ақ қазіргі күні әкімдіктермен жаңа учаскелік пункттер салу және учаскелік инспекторларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді Ерлан Тұрғымбаев.  

Министр брифинг барысында полицияның сервистік жұмыс моделіне көшкенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция көшелермен қатар сквер, аула, саябақтардағы тәртіпті қадағалайтын болады. 

Әкімдіктермен бірлесіп қылмыс көп тіркелген аудандарда тәулік бойы қызмет ететін посттар санын көбейту жұмысы қолға алынған. Қазіргі күні мұндай 44 пост жұмысын бастады. Екі жыл ішінде тағы 176 пост іске қосылады, -деді ол. 


 

Өзгелердің жаңалығы