Қуат Хамитов қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

15 Қыркүйек 2020, 11:18
1783
Бөлісу:
Қуат Хамитов қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифинг барысында спортшы Қуат Хамитовтың бейнеүндеуіне қатысты пікір білдірді.

Өткен аптада 3596 қылмыстық іс пен құқық бұзушылық тіркелді. Кезекші топтар жедел іздестіру шаралары барысында 2388 істің бетін ашты. Егер өңірлер бойынша салыстыратын болсақ, ең көп қылмыс ШҚО-да жасалған. Ең аз қылмыс Қызылорда, Маңғыстау облыстарында тіркелді. Қылмыстың ең көп тараған түрі әлі де ұрлық болып отыр. Өткен аптада 1405 ұрлық жасалып, 603-і әшкереленді, - деді Ораз. 

Ресми өкіл бұл қылмыс түріне қатысты мысал да келтірді. 

13 тамыз күні түнгі бірлер шамасында Алматы облысы Қарасай ауданының кезекші бөліміне Қайнар ауылынан көлік ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Дереу із кесуге қосылған полиция қызметкерлері «Алматы-Бішкек» бағытында ұрланған көліктің жоғары жылдамдықпен жүріп бара жатқанын анықтайды. Ескерту жасалғанымен, басбұзар тоқтауға әрекет жасамайды. Соңында полиция қызметкерлері жол шетіне тақап тоқтатады. Көлік рөлінде отырған азаматтың ұрлық, тонау, адам өлтіру және зорлық, алаяқтық қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болғаны анықталды. Күдікті қамауға алынды, - деді ол. 

Сондай-ақ, Нұрділдә Ораз әлеуметтік желіде тараған спортшы Қуат Хамитовтың бейнеүндеуіне қатысты пікір айтты. 

Бұл азамат әлеуметтік желі арқылы азаматтарды заңсыз әрекеттерге үндейтін видео жариялаған. Бұл - тікелей заң бұзушылық. Мұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі жалған ақпараттарды таратпауға және ресми дереккөзге сенуге шақырады, - деді Нұрділдә Ораз.

Өзгелердің жаңалығы