Елордадағы уақытша баспаналар мен жатақханаларға да газ беріледі

4 Қараша 2019, 18:10
2122
Бөлісу:
Елордадағы уақытша баспаналар мен жатақханаларға да газ беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімінің орынбасары Ермек Қизатов бас қаладағы жатақханалар мен уақытша баспаналар да газбен қамтылатынын айтты. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Уақытша баспаналар мен жатақханалар туралы айтсақ, иә, оларға да газ жеткіземіз. Газ тарататын желілер мен есептеуіштер аулаларға қойылады. Осы есептеуіштерге үйлер және оған іргелес нысандар қосылады. Тұрғынның өзі меншігіндегі нысандарын газдандыру талаптарына сәйкес дайындаса, барлық нысандар газ желісіне қосылады. Біздің мақсатымыз барынша газға көшу болып отыр, соның ішінде сауда орталықтарын, өндірістік және өндірістік емес ғимараттарды көшіру, - деді ол.

Әкім орынбасарының сөзінше, газ желілері салынған соң тұрғындарға тек арнайы пештерді сатып алуға тура келеді.

Пештер әртүрлі. Жылытуға ғана арналған пештер бар. Ыстық су беретін пештер бар. Автоматты және қолмен жылыту пештері бар. Автоматты пештерді алған дұрыс, себебі онда апатты жағдайлардан қорғау, қалпына келтіру және өшіру қызметтері бар. Пеш бағасы монитормен бірге 80 мыңнан 200 мың теңгеге дейін тұрады, - деді Қизатов.

Бұған дейін ол Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру процесі қалай жүріп жатқанын айтқан болатын. Сондай-ақ, Көктал-1 мен Көктал-2 тұрғын алаптарына 2020 жылдың шілде айында газ келетінін айтып өтті.

Өзгелердің жаңалығы