Түркиядағы зілзала. Қазақстандық құтқарушы күйініші мен сүйінішін айтты

22 Ақпан 2023, 17:37
1847
Бөлісу:
Түркиядағы зілзала. Қазақстандық құтқарушы күйініші мен сүйінішін айтты
Фото: malim.kz

Рүстем Мүжіпов – Қазақстаннан Түркияға аттанған құтқарушылардың екінші тобында болған Көкшетау қаласының №4 құтқару бөлімшесінің басшысы. Ол қызметтік сапардың қалай өткенін BAQ.KZ тілшісіне айтып берді. 

«Бірінші күндері 24 сағаттан жұмыс істедік»

Құтқарушы әңгімесін Алматыдан ұшқан құтқарушылардың екінші легінде Қарағандыдан 15 адам, Астанадан 15 адам, Көкшетаудан 18 адам болғанынан бастады. Олар бара сала жұмысқа кіріскен.

Біз Газиантеп деген қалаға бардық. Онда екі миллионнан аса адам тұрады екен. Бізді өзіміздің елшілікте жұмыс істейтіндер қарсы алды. Келе сала заттарымызды тастап, бірден жұмысқа кірістік. Құлаған тұрғын үйлерге барып, сол жерде 6-6-дан бөліндік, - деді құтқарушы.

Рүстем Мүжіповтың айтуынша, бірінші, екінші күндері құтқарушылар 24 сағаттан жұмыс істеген. Ал үшінші күннен бастап 4 сағаттан демалып, 16 сағаттан жұмыс істеген. Құтқарушы мұндай жағдаймен тәжірибеде бірінші рет кезіккендіктен, жұмыс барысында есте қалған теориялық білімге сүйенгенін айтады. Ал техниканы Түркиядан алған. 

Бізде өзіміздің құтқару құралдары болды. Бірақ техника керек болғанда аудармашы арқылы Түркия азаматтарынан кран, экскаватор сұрадық. Шұңқыр болған кезде олардан камера, эхолот сияқты құралдар алып, қолдандық, - деді ол. 

Өкінішке қарай, құтқарушы жұмыс істеген нысандарда тірі адам табылмаған. 

Тірі адам болған жоқ, ылғи мәйіттер. Мәйіттерді көру моральдық жағынан қиын болды. Тірі адам қасымыздағы құлаған үйлерде болды. Онда алматылық жігіттер жұмыс істеді, тірі адамдарды алып шықты, - деді құтқарушы. 

«Іштен күйесің. Күйесің де, қоясың»

Рүстем Мүжіпов Қазақстан құтқарушыларының ешқайсысы сыртта қарап тұрмай, білек сыбана кірісіп, бірдей жұмыс істегенін айтады. Оған қоса, құтқарушы сол жердегілерден түрік журналисінің Түркия құтқарушыларына риза болмай, «қазақ құтқарушылары сияқты жұмыс істемедіңдер» деп айтқанын естіген.

Алайда ол әріптестері орысша сөйлеп жатқанда намыстанғанын да жасырмады.   

Іштей намыстанасың, енді не істейсің? Іштен күйесің. Үндемейсің. Күйесің де, қоясың. «Сен былай сөйлеме, былай сөйле» деп тағы айта алмайсың. Көңіліне келіп қалады. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді дегендей, - деді ол. 

Құтқарушы әріптестерінің көбі аударма жасайтын мобильді қосымшада орыс тілін таңдағанда түріктерден ұялғанын жеткізді.  

Біздікілер көбіне орысша аударма жасап жатты. Қазір нешетүрлі приложениелер бар ғой. Перевод русско-турецкий, казахско-турецкий дегендей. Сол кезде русско-турецкийді қолданып сөйлесті. Жалпы түрік тілі қазақ тіліне өте жақын, ұқсас көп сөздері бар. Оны аудармаса да, түрік халқымен бір-бірімізді түсініп жаттық, - деді Рүстем Мүжіпов.

Сөз соңында құтқарушы Түркия халқының қазақстандықтарға бауыр деп қарап, ілтипаты ерекше болғанын, ризашылықтарын білдіріп, өте жылы шығарып салғанын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы