Түркиядағы зілзала. Апат аймағынан 200-ге жуық отандасымыз қауіпсіз жерге көшірілді - СІМ

20 Ақпан 2023, 17:30
923
Бөлісу:
Түркиядағы зілзала. Апат аймағынан 200-ге жуық отандасымыз қауіпсіз жерге көшірілді - СІМ
Фото: qaz365.kz

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Түркиядағы ең ауыр жер сілкінісінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және шет елдердегі мекемелеріне ҚР азаматтарынан 1200-ден астам өтініш келіп түсті. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде апат аймағында жер сілкінісі кезінде қалып қалған 190-нан астам отандастарымыздың орналасқан жері анықталды. Қираған инфрақұрылымды, апатты жағдайды және тұрғын үйлердің толық бұзылуын ескере отырып, біздің дипломаттардың көмегімен отандастарымызды қауіпсіз жерлерге, яғни Анкара және Стамбул қалаларына жеткізу үшін автобустар ұйымдастырылды, тамақтандырылды және баспана берілді. Қаражаты жоқ кейбір азаматтарға Қазақстанға дейін әуе билеттерін сатып алуға жәрдем көрсетілді, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі. 

Сонымен қатар ол қанша отандасымыздың елге жеткізілгеніне тоқталды. 

Отанына оралуға ниет білдірген 78 азаматымыз апат аудандарынан гуманитарлық әуе кемелерімен Астана және Алматы қалаларына жеткізілді. Осы борттармен Қазақстанға 24 Қырғызстан азаматы және елге оралған отандастарымыздың отбасы мүшелері болып табылатын 5 Түркия азаматы жеткізілді. Министрліктің және жергілікті әкімдіктердің көмегімен олар көлікпен қамтамасыз етілді, сондай-ақ баспанаға мұқтаж азаматтар Алматы және Астанадағы қонақ үйлерге орналастырылды, - деді Айбек Смадияров. 

Өзгелердің жаңалығы