Түркістандағы ұятты жағдай. 35 млн долларға салынған стадион суға толып кетті

14 Наурыз 2021, 16:34
4150
Бөлісу:
Түркістандағы ұятты жағдай. 35 млн долларға салынған стадион суға толып кетті
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Футболдан Қазақстан чемпионаты да 30-маусымын бастады. Бірақ 30 жылдың ішінде өзгермей келе жатқан мәселелер өте көп. Нақтырақ айтсақ, премьер-лиганың 1-туры дау-дамайға қалды.

Түркістандағы ұятты жағдай. 35 млн долларға салынған стадион суға толып кетті

Былтырғы жылдың соңында 35 млн долларға киелі өлке Түркістанда жаңа стадион салынған болатын. Осыншама қаржы жұмсалғанымен, отыратын орындық саны 7 000-нан аспайтынына көпшілік қынжылыс білдірген. Енді бұл стадионда су ағызатын дренаждың жоқтығын да байқадық. ҚФФ басшылығы УЕФА талаптарына сай келеді, барлығы керемет дегені бар еді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Жаңбыр суы көл болып, футбол емес, ватерпол өткізетін бассейнге айналды. Соған қарамастан осы стадионда «Тұран» мен «Астана» клубтары кездесті. Матчтың басты төрешісі Айдын Рахымбаев ойнауға болады деп матчты бастап кеткен. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды. «Астана» сапынан Марин Томасов пен Абзал Бейсебеков көзге түссе, «Тұраннан» Таңат Нөсербаев пен Мардан Төлебек мергендік танытты.

Барлық қызық ойыннан кейін басталды. Әлеуметтік желіде осы кездесуден түсірілген суреттер, видеолар, мемдер қаптап кетті. «Астана» клубының басшылығы Қазақстан кәсіпқой лигасын кінәлады. Осы маусымның соңында спорттық карьерасын аяқтаймын деген сербиялық Антонио Рукавина да ашумен мынандай сорақылықтың куәсі болғанына ұялатынын айтты.

Түркістандағы ұятты жағдай. 35 млн долларға салынған стадион суға толып кетті

«Тұран» командасын осындай «футбол алаңында» еншілеген бір ұпайымен құттықтаймын. Бүгінгі ойыннан кейін маған Қазақстан футбол лигасының бір бөлігі болу ұят. Мұны екі ұпай жоғалтқанымызға байланысты айтып отырған жоқпын. Барлығы 40 млн еуроға жуық салынған стадионға қатысты. Бүгін-ертең бұл матчты әлем көреді. Бүгін Қазақстан футболы түбіне жетті. Енді ертең бәрі Қазақстан футболын әжуаға айналдырады. Бізге сол керек пе? Қазақстан футбол федерациясының «Астана» клубына деген осындай қарым-қатынасы маған тіптен түсініксіз. «Астана» клубының арқасында Қазақстанды көпшілік біледі. Тағы да «Тұран» командасын құттықтаймын, олар тең түсуге лайықты болды. Алайда футболды жақсы көретін барлық қазақстандыққа басты сұрағым бар: шынымен біз дұрыс жолдамыз ба? осындай матчтарды көруге лайықпыз ба?, – деді Антонио Рукавина.

Сербиялық футболшы Германия мен Испанияның атақты стадиондарында ойнаған. Сондықтан бұлай айтуға қақы да бар екені түсінікті. Бір қызығы, дәл осыған ұқсас оқиға 2007 жылы болғаны бар. Екібастұз қаласында жергілікті «Екібастұз» командасы «Алматы» клубын қабылдаған. Ол ойынның видеосы интернетте хит болып жүргені жасырын емес. Футболшылар бұрыштама добын қалай қосарын білмей жүретін видео Қазақстанда ғана емес, әлемдік интернетке тарап кеткен. Содан бері 14 жыл өтті. Бірақ жағдай әлі өзгермеген. Илон Масктар Марсты бағындыруды ойлап жүр, ал біз 30 жылда салған бір стадионға су ағызатын дренаж қоюды білмейміз.


Андрей Тихонов, «Астана» клубының бас бапкері:

– Мұны футбол деп атау өте қиын. Матч алдында біз ойынды кейінге қалдыруын сұрадық, бірақ олар келіспеді! Мен кейбір адамға осы ойын арқылы жақсы көңіл-күй сыйлағанымызды түсінемін, бірақ мұндай алаңда футбол ойнауға болмайды. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, жаңа стадион салынды. Бірақ жаңбыр жауғанда, алаң көлшікке айналды. Мұндай жағдайда футбол туралы әңгіме айту мүмкін емес. Тек жүгіріп, соққы жасау керек, комбинациялық ойын туралы ойлаудың өзі артық. Өзіміздің артықшылықтарымызды көрсете алмадық. Өйткені доп жерге түскен жоқ, шалшықта айналып жүрді.

– Мұндай алаңда жарақат алу қаупі өте жоғары екені белгілі. Футболшылардың бәрі аман ба?

– Бізде бірнеше футболшы жарақат алды. Бірақ тағы да айтамын, бұл футбол емес, ойыншыларды мазақ ету, бүгін екі команданың ойыншыларын жай ғана мазақ етті. Ауа температурасы -2 градус болған кезде футболшылардың шалшыққа құлағанын көру көрермендер үшін күлкілі көрінетіні анық. Алайда мұндай ауа райында ойнауды шешкендер бұл туралы ойлануы керек. Өкінішке қарай, кездесу теледидардан көрсетілмеді, әйтпесе көп адам күлкіге қарқ болатын еді.

Өзгелердің жаңалығы