Түркістандағы бала өлімі. Зәкиева кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті

4 Желтоқсан 2023, 12:45
734
Бөлісу:
Түркістандағы бала өлімі. Зәкиева кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті
Фото: instagram.com/zakiyevadinara

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева екі аптада Қызылорда және Түркістан облыстарында ашық жатқан кәріз құдығына құлауы салдарынан екі бала көз жұмғанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еске салсақ, Түркістан қаласының полициясына баланың жоғалғаны туралы хабарлама 1 желтоқсан күні кешкі уақытта түскен болатын. Баланы іздестіру жұмыстары үш күнге жалғасты. Көмекке волонтерлер, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен ұлттық ұлан сарбаздары тартылды. Сондай-ақ дрон құрылғысы мен иісшіл иттер жұмылдырылды.

Өкінішке қарай, кеше 4 жасар Бақыт Айбар Алдиярұлының денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан (септик) табылды.

Осыған орай ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ашық жатқан кәріз құдықтары мәселесін көтеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Екі аптада Қызылорда және Түркістан облыстарында ашық жатқан кәріз құдығына құлауы салдарынан екі бала көз жұмды. Екі жағдайда да кәріз құдықтары әкімдіктерге тиесілі болды. Бұл ретте тексеріс жүргізіп, инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, немқұрайлылық танытып, балалардың өліміне себепкер болған кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажет. Сонымен қатар осы аудандардың әкімдері, осы салаға жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың басшылары да жауапкершілікке тартылуы керек деп есептеймін. Тиісті өтінім жауапты органдарға жіберілетін болады. Тамыз айында мемлекеттік органдармен бірлесіп инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соның ішінде ашық жатқан кәріз құдықтары мәселесін көтерген болатынбыз. Еліміздің вице-премьері тиісті тапсырма беріп, барлық өңірде @jastar_ruhy еріктілерінің көмегімен рейд жүргізілді, - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы