Түркістанда таеквондодан Қазақстан Кубогі басталды

15 Шілде 2023, 15:50
1214
Бөлісу:
Түркістанда таеквондодан Қазақстан Кубогі басталды
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметін

Түркістан қаласындағы Олимпиада орталығында таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Қазақстан Кубогы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азия ойындарына баратын спортшылар іріктелетін сынға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам даян шебері жиналды. Олар 3 күн бойы 10 салмақта сынға түседі.

Ерлер: 58 кг, 63 кг, 68 кг, 80 кг, +80 кг.

Әйелдер: 49 кг, 53 кг, 57 кг, 67 кг, +67 кг. Бұл салмақтың сегізі Олимпиада бағдарламасына кіреді.

Осы тұста биылғы бәсеке жаңа жүйе бойынша өтетінін айта кетейік. Енді әр салмақта чемпион атану жеткіліксіз. Әр салмақтағы жеңімпаз тағы 2 күн бойы өз салмағын ұстап тұрып, шешуші күні ширек финалистер арасынан топ жарған спортшымен Суперфиналда кім мықтыны анықтайды. Ал Азия ойындарына сол айқаста басым түскен таеквондошы барады. Бұл жүйе бүгінде осы спорт түрі шыққан Оңтүстік Кореяда бүгінге дейін қолданылады.

«Қазір елімізде 20 мыңнан астам таеквондоны серік еткен адам бар. Жыл сайын ел чемпионаты мен Кубогына 200-ден астам таеквондошы қатысады. Салыстырмалы түрде бұл аз көрсеткіш. Соған қарамастан ірі жарыстарға Ұлттық құрама жасақтағанда дау шығып жатады. Соның алдын алу мақсатында біздің федерация жыл сайын жүйені жетілдіруге барын салып келеді. Биыл біз Оңтүстік Кореяның форматын негізге алдық. Осыдан кейін спортшылардың даярлығына, шешімнің әділдігіне күмән болмауы керек»,-деді Қазақстан таекфондо федерациясының Бас хатшысы Олжас Беспаев.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Спортты дамыту дирекциясының орынбасары Әлішер Аймұхамбетов дирекция басшылығы Қазақстан Кубогына ерекше назар аударатынын жеткізді. Оның сөзінше, осы жарыстан соң Ұлттық құрама Оңтүстік Кореяда оқу-жаттығу жиынына аттанады.

Алғашқы жарыс күні ерлер 58 және 80 келіде, әйелдер 49 бен 53 келіде күш сынасты.

Түркістандық Асқар Өтеген финалда Ұлттық құрама спортшысы Самирхан Абабакировты ұтып 58 келі салмақтың Суперфиналына тікелей жолдама алды. Енді ол жексенбі күнгі қарсыласын күтеді. Оған ширек финалға шыққан мына спортшылардың бірі қарсылас болуы мүмкін:

Самирхан Абабакиров (Шымкент), Сапаркелді Мамбетмұратов (Маңғыстау), Әзірет Дүйсенбек (Түркістан), Нұрсаян Айтбаев (Түркістан), Ғани Құлымбет (Түркістан), Жавохирхон Исламов (Шымкент).

Нұрлан Мырзабаев (Түркістан облысы) 80 кг салмақтың Суперфиналына тікелей шықты. Бұл салмақта ширек финалға шыққандар: Нұрқанат Қожахмет (Шымкент қаласы), Альтаир Өмірбеков (Жамбыл облысы), Абдурахман Марипов (Шымкент қаласы), Жандос Тоғыман (Қызылорда облысы), Ақан Жөкенов (Ұлытау облысы), Қалбатыр Анарбай (Түркістан облысы).

Ботакөз Қапанова (Қызылорда облысы) финалда Рита Бакишевадан басым түсіп, 49 кг салмақтың Суперфиналына өтті. Ширек финалдағы спортшылар: Рита Бакишева (Алматы қаласы), Нұрай Бауыржанова (Атырау облысы), Айдана Еділбаева (Атырау облысы), Надира Ахмедова (Шымкент), Наргиза Қойшыбекова (Жамбыл олбысы), Айнұр Сыздықбаева (Алматы), Айдана Құмартаева (Алматы);

Биылғы Қазақстан Кубогында 53 кг дейінгі салмақта Азиза Қаражанова (Жамбыл облысы) жеңіске жетіп, Суперфиналға тікелей жолдама алды. Бұл салмақта ширек финалға шыққандар: Ақнұр Жамаубай (Алматы қаласы), Томирис Идрисова (Қызылорда облысы), Таңжұлдыз Тұрымбетова (Түркістан облысы), Шамшат Ақберген (Қызылорда облысы), Алина Ержан (Алматы қаласы), Карина Толоконникова (Алматы қаласы), Айдана Сүндетбай (Алматы облысы).

Әр салмақтағы ширек финалға өткен 7 таеквондошы жексенбі күндіз өзара күш сынасып, Суперфиналға берілер бір жолдамаға таласады. Ертең ерлер 57 мен 67 келіде, әйелдер 63 мен 68 келіде сынға түседі. Ал жексенбі күні аса ауыр салмақтар мен Суперфиналдар өтеді.

Өзгелердің жаңалығы