Түркістанда Қазыбек би ескерткіші ашылды

20 Желтоқсан 2021, 18:50
5873
Бөлісу:
Түркістанда Қазыбек би ескерткіші ашылды
PHOTO

 Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы тойланып жатқан күндері киелі Түркістан төрінде халқымыздың бірегей тұлғасы, қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына, ел бірлігінің нығаюына өлшеусіз үлес қосқан Қаздауысты Қазыбек бидің еңселі ескерткіші ашылды. 

Бұл туралы saryarqanews.kz сайты хабарлады.

Ұлтының ұранына айналған ұлы би мәңгі тыныстап жатқан киелі мекенде арнайы жер бөлініп, Үкімет қаулысымен бекітіліп, ескерткіш тұғырына қонғанға дейін «Қазыбек би» қорының мүшелері бірнеше жыл бойы тыным таппай, ұшан-теңіз іс атқарды. Арнайы топ Қарағандыға да келіп, оңтүстік пен Арқаны жалғаған алтын көпірге арқау болды. Қарағанды жұртшылығы да бұл игілікті істен шет қалмай, қор қоржынын толтыруға өз үлестерін қосты.

Енді міне түгел түркінің рухани орталығы – Түркістан төрінде Қазыбек би көшесі бойындағы, Қазыбек би аллеясында ұлы тұлғаның биіктігі тоғыз метр мүсіні қасқайып тұр. Ескерткіш «Қаз дауысты Қазыбек би» қорының демеушілігімен және Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен тұғырға қонды. Авторы – Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Бексейіт Күзембеков.

 

1

 

Баба ескерткішін салтанатты ашу рәсіміне қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, зиялы қауым өкілдері және Алматы, Астана, Қарағанды, Семей қалаларынан арнайы барған делегация мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өзінің құттықтау сөзінде Қазыбек би Келдібекұлы Қазақ хандығының нығаюына елеулі үлес қосқан тарих тұлға екеніне ерекше тоқталып өтті.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірімізді Түркістан облысы деп атап, оның орталығы ретінде тарихи Түркістанды белгілеуі – Тәуелсіздіктің жарқын жеңісі деп білемін. Сонымен қатар рухани шаһар төрінде Қазыбек би бабаамыздың еңселі ескерткіші бой көтеруде. Ұлы тұлға ескерткішінің Түркі жұртының мәдени-рухани орталығында бой көтеруі – заңдылық. Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосқан Қазыбек би бейнесі өскелең ұрпақты ізгілікке бағыттайтын бағдары болады деп сенемін, – деді С. Қалқаманов.

 

11

 

Ескерткішті ашу құрметі халқымыздың дара тұлғасы Тоқтар Әубәкіровке берілді. Тұңғыш ғарышкер өз сөзінде: «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық», - дей келіп, Түркістан жұртына, баба атындағы қор басшысы Пернетай Досыбековке және осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов және Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген ақжарма лебізін білдірді. Осыдан кейін баба рухына арналып ас беріліп, бұдан соң Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ- де «Қаз дауысты Қазыбек би: тұлға және тарих» деп аталған ғылыми конференция өтті. Конференцияны Тоқтар Әубәкіров құттықтау сөзімен ашты. Мұнан соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хаты оқылып, «Қазыбек би» қорының өкілдеріне естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Жиын барысында белгілі ғалымдар Қазыбек бидің қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы еңбегін, ел мен елдің арасын жалғаған бітімгерлік қырын, «ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» шешендік, қазылық қасиетін қамтыған құнды деректерді ортаға салды.

Жоғарыда аталғандай, ескерткіштің ашылу салтанаты мен ғылыми конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, бидің ұрпақтары да келді.

 

2

 

Киелі Түркістан қаласына Арқа жұртының сәлемін Қарағанды облысы әкімінің мәдениет пен өнер мәселелері бойынша кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова бастап барған делегация жеткізді. Делегация құрамында «Саналы ұрпақ» жобасының жетекшісі, мемлекеттік қызмет ісінің ардагері Қайыржан Токушев, республикаға танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері Гүлбаршын Тергеубекова, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қызметкері, «Қазыбек би» қорының Қарағандыдағы өкілі Мейірман Жашкеев, Қазақстанның құрметті журналистері – Серік Сексенов, Ермек Балташұлы, Сағат Батырхан, облыстық мәслихаттың депутаты, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректорының кеңесшісі Мирас Құттыбай, мәдениет саласының ардагері Раушан Жылтыбаева, Қарқаралы аудандық мәслихатының хатшысы Сламиден Нұркенов, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Талғат Даутов, белгілі кәсіпкер, меценат Берік Көшенов және басқа да көптеген азаматтар болды. Сондай-ақ көп жылдар Оңтүстік Қазақстан облыстық статистика департаментін басқарған еңбек ардагері, «Қазыбек би» қорының белді мүшесі Бағдат Шайманов игілікті істің ұйымдастыру шараларына атсалысса, киелі Түркістанға тәу етіп, баба ескерткішіне тағзым етуге өз бастамаларымен келген баба ұрпақтары болды, олар Көшербай Шайманов, Талғат Жашкеев, кәсіпкер Мұрат Жұмашұлы сияқты азаматтар.

 

с

 

 

Киелі Түркістан төріндегі бұл игілікті істің халықтың ынтымағы мен бірлігінің арқасында жүзеге асқанын атап өткен Рымбала Омарбекова Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа тапсырды. Сонымен қатар осы мақсат жолында әрі азаматтық, әрі перзенттік парызын абыройлы атқарған «Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбековке «Қазақстанның 30 жылдығы» мерейтойлық медалін де зор құрметпен табыс етті.

- Бұл сәттің қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен және түркі жұрты рухани орталығының қайта түлеген кезеңмен орайласуы кездейсоқтық емес. Қазыбек бабамыз бар ғұмырын еліміздің бүтіндігі мен халқымыздың бірлігін бекемдеуге, сонымен қатар ұлт руханиятын түлетуге арнады. Сондықтан да ескерткіш ашылуының осы кезеңге дөп келуінің тылсым сыры бар. Түркістандағы осы шараның Қарағандыда ауданға Әлихан Бөкейхан есімінің берілуі және Қасым үйінің ашылуымен үйлесім тапқаны тұтас елге серпіліс берген оқиға болды, - деді Р.Омарбекова.

Игі іске бір кісідей атсалысқан Түркістан жұртына ризашылық білдірген делегация мүшелері естелік сый-сияпаттар қатарында Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, академик Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен жарық көрген «Қазыбек би» энциклопедиясы мен суретті альбомның бірнеше данасын университет басшылығына және мұражайға тапсырды.

Көне Түркістан шаһарына бұл күні Семей өңірінен де арда азамат Тасболат Битенов бастаған бір қауым ел жол-жоралғыларымен келіпті.

Жиын барысында «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков:

- Бастаманы оншақты жыл бұрын түркістандық қариялар көтерген болатын. Бірақ, ол кезде жер алуға мүмкіндік болмады. Одан кейін 2017 жылы Жаманбек қажы деген азамат келіп «Пернетай, сен Қазыбек бабаға ескерткіш қою мәселесін қолға алған екенсің. Біз қор аштық. Сен соған мүше болып, басы-қасында жүрсең» деп ұсыныс тастады. Мен қуана келістім. Сөйтіп үлкен іске бел шеше кірістік. Қарағандыға барып, Арқаның зиялы қауым өкілдерімен, одан соң Елордамызға барып, бабаның ұрпақтарымен кездестік. Ол кісілер де қуана құптап, қолұшын созды, - деп, Түркістан төріндегі оң өзгерістерге, тұлғаларды құрметтеу бағытындағы бастамаларға ризашылығын білдірді.

 

3

 

Сондай-ақ, сапар барысында Қарағанды облысының делегациясы «Turkistan Media Holding» ЖШС-на қарасты «Алатау медиа орталығы» ғимаратында болды. Мұнда медиахолдингтің басқарушы директоры Тельман Бейсенов қонақтарды бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс барысымен таныстырды. 

Кездесу барысында «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі мен «Turkistan Media Holding» арасында әріптестік орнату мәселесі пысықталды. Осы мақсатта «Turkistan Media Holding» бас директоры Ерлан Нұровқа өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандум табысталды. Оның мақсаты – аймақтық БАҚ арасында байланыс орнату, медиа мамандарының өзара тәжірибе алмасу арқылы кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал жасау, аймақтық медиакеңістікте сапалы контентті арттыру жолдарын қарастыру.

Құрамында «Turkistan» телеарнасы, облыстық үш газет, екі интернет портал және өзге де құрылымдары бар «Turkistan Media Holding» ЖШС жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде бастау алған болатын. 4 қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 4,5 мың шаршы метр. Ғимаратта конференция залдары, 3 телестудия, 1 радиостудия, әкімшілік құрылым отыратын кабинеттер бар.

Бүгінде «Turkistan» телеарнасында жүзден астам қызметкер жұмыс істейді. Арна заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Open space» форматындағы журналистердің жұмыс істеуіне ыңғайлы жабдықталған.

Өзгелердің жаңалығы