Түркістанда олимпиада резервін дайындайтын мектеп ашылды

1 Қыркүйек 2021, 16:03
9003
Бөлісу:
Түркістанда олимпиада резервін дайындайтын мектеп ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының барлық білім ұяларында жаңа оқу жылы басталып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылының алғашқы күні Түркістан қаласында жаратылыстану-математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын №28 мектеп-лицейінің тұсауы кесілді. Отырар шағын ауданында орналасқан 900 орындық жаңа мектептің ашылуына қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 1 қыркүйек - Білім күнімен құттықтады.

Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Ендеше, осы жаңа мектептің табалдырығын алғаш аттағалы отырған Сіздерді - үздік оқып, ел үмітін ақтап, еліміздің патриот азаматы болатындықтарыңызға сенемін. Қолдарыңызға алғаш алған «Әліппе» оқулықтарыңыз құтты болсын! - деді облыс әкімі.

Биыл алғашқы қоңырау шарасы ел көлемінде эпидахуалға байланысты тек 1 сынып оқышыларының қатысуымен өтті. Бұл мектеп-лицей оқушылардың заманауи білім алуларына жол ашады. Мұнда барлық заманауи пән кабинеттері қарастырылған. Оқушыларға білікті ұстаздар тереңдетіп білім беретін болады. Айта кетерлігі, биыл жаңа оқу жылын Түркістан қаласындағы 33 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп 45248 оқушымен бастап отыр. Олардың ішінде 4221 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, қолдарына жаңа «Әліппені» ұстады.

Биыл Түркістан облысында 927 күндізгі орта білім беру ұйымында оқу процесі дәстүрлі форматта 500 мыңнан астам оқушы білім алады. Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңірде 84 мыңға жуық ұстаз бен 28 мыңға жуық техникалық персонал 100% вакцина қабылдады. Биылғы жаңа оқу жылында Түркістан облысы бойынша 50 мыңға жуық бала 1 сыныпқа қабылданды.


Өзгелердің жаңалығы