Түркістанда балалар алаңына арналған 17 нысанның құрылысы жүріп жатыр

27 Шілде 2022, 14:14
3472
Бөлісу:
Түркістанда балалар алаңына арналған 17 нысанның құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балаларға арнауды жөн деп тапты. Сәйкесінше, еліміздегі барлық аймақтарда болашағымыз балаларға арналған түрлі іс-шаралар легі басталып кетті. Бұл ретте Түркістан өңірі қандай іс-шаралар атқарды? Балалар жылына арнап қандай ауқымды мәдени шаралар өткізілгеніне кішігірім шолу жасап көрсек. 

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жандос Маханбетовтың айтуынша, балаларға арналған ел көлеміндегі кешенді жоспарға сүйеніп, бірнеше бағыттарды қамтыған.

Айталық, «Білімді бала» бағыты бойынша облыста жалпы 73 іс-шара қаралып, жоспарды іске асыруға облыстық бюджеттен 324 103,0 мың теңге бөлініпті. 

«Балалар жылын» және «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекелерін облыс көлемінде жоғары деңгейде өткізу мақсатында осы жылдың 23 мамыр және 2 маусым күндері аралығына «TURAN-BALAFEST» онкүндік фестивалі өткізіліп, оған облыс көлемінде 820 159 бала қатысты. Оның ішінде балабақша жасындағы – 271 000, мектеп жасындағы – 510 968, колледжден – 37 991 қатысты, - деді Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жандос Маханбетов.

Бұдан бөлек, «KARAVAN SARAY» көп функционалды ойын-сауық орталығында өткен онкүндіктің жабылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен отандық эстрада жұлдыздары және 15 мыңнан астам бала қатысты. Фестивал аясында «Шертпе күйдің шебері», «Мектеп театры», «Жас ақындар айтысы», «Шабандоз бала» жаяу көкпары, «Тұран арландары» қазақша күресі, облыс әкімінің кубогі үшін ер және қыз балалар арасындағы былғары доп турнирі, «Интеллектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі, «Армрестлинг», «Салауатты Тұран балалары» әлеуметтік жобасы, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жаңа жобалары бастау алды.

 Сонымен қатар, Отбасы – қауіпсіз мекен бағыты бойынша мемлекет басшысының білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен 100 % қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, облыстағы 1375 мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар мен 951 мемлекеттік, жекеменшік мектептер бейнебақылау жүйелерімен 100 % қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда 743 мемлекеттік мектептің бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал  555 (74,7%) мектеп осы бағдарламаға қосылған және олар бұлтты сақтау технологиясымен жұмыс істеу қағидасына толық жауап бере алады. Ал, қалған 188 мектептегі бейнебақылау жүйесін ретке келтіріп, жедел басқару орталығына (ЖБО) қосу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті қаржы қаралған, - деді Жандос Маханбетұлы.

Қауіпсіздік мәселесі басты орында. Сол себепті, облыс мектептеріне дабыл батырмаларын орнату жұмыстары жүргізіліп, облыстағы 334 (37%) мектепке дабыл түймелері орнатылды. Сондай-ақ биыл осы мәселені толығымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде шешу жобасы қарастырылуда дейді салаға жауапты мамандар. 

Жобаға облыстағы мемлекеттік 904 мектеп, оның ішінде 891 мектеп, 13 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты мен 7 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп-интернат, 3 балалар үйлері мен отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және 22 колледж енген. 

Тапсырма 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін толығымен орындалады. Қалалық жерде орналасқан мектептерге турникеттер орнату жобасы қарастырылуда, - деп атап өтті Ж.Маханбетов. 

Балалар жылының шеңберінде «Дара» қорының қолдауымен Мақтаарал, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында түзету кабинеттерінің филиалдары ашылып, оған қор тарапынан 12 000,0 мың теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде, ерекше білім беруді қажет ететін балғындарға тиісті коррекциялық жұмыстар көрсету сапасы жақсарды. Ал денсаулық сақтау мекемелерінде 1602 бала оңалтудан өтсе, 1003 бала сауықтырудан өткен.  Республикалық оңалту орталықтарында  616 балаға орын берілген. Соңғы үш айда 101 бала ем қабылдаған.  Бұл жұмыстар Денсаулық бағыты бойынша жүргізілген. 

Ал «Баласын жетімсіретпеген ел» бағыты аясында Түркістандағы жағдайы төмен отбасының балалары саны – 68 490, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар саны – 38 100, тұрмысы төмен отбасының балалары – 15 200, жетім, жартылай жетім балалар – 2 808 көпбалалы отбасы балалары – 12 382 құрайды.

68 490 бала мектепте бір реттік ыстық тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген 3 558 бала 97 900 мың теңге қаржылай көмек көрсетілген. Қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде әлеуметтік жағдайына байланысты 22 324 бала бюджет есебінен тегін демалады. 2022 жылға жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті білім қорынан 24 179 балаға 1 888 497,0 мың теңге қаржы қаралған, - деді Жандос Маханбетұлы. 

Бүгінгі таңда аталған 24 179 көпбалалы жағдайы төмен отбасы мен балалар үйінің және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. 

Айта кеткен жөн, Түркістан өңірі әкімдігі баланың құқын да ұмыт қалдырмастан оларды қорғайтын комиссия құрған. Комиссия отырысы жоспар бойынша жылына төрт рет өткізіледі. Жалпы облыс аумағында 17 комиссия қызмет атқарады. 2022 жылдың І тоқсанында отыз комиссия отырысы өткізіліп, 65 мәселе қаралған. Осы бағытта 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек 240,4 мың адамға 18,8 млрд.теңгеге көрсету, оның ішінде 1-6 жастағы 50724 балаға 4 255,6 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету жоспарланыпты. 

2022 жылдың 1 сәуіріне атаулы әлеуметтік көмек 23 145 отбасындағы 131 626 адамға 3 552,8 млн теңгеге тағайындалды, оның 12 399 отбасы көпбалалы қатарына жатады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар құрамында 85 405 немесе 64,9% 18 жасқа дейінгі балалар бар. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1-6 жастағы 31 193 балаға 589,4 млн теңгенің кепілдендірілген әлеуметтік топтамасы тағайындалды.

Түркістан облыс орталығы атанғалы кішкентай тұрғындарды ұмыт қалдырмағаны қуантады. Бұл ретте балаларға жайлы орта жасау мақсатында Түркістан қаласында балалар алаңдарын орнатуды қарастыратын 17 нысанның құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандардың барлығын 2022 жылы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, 30 ойын алаңшасымен қамтып, 33 көпқабатты тұрғын үй аулалары абаттандырылып, алаңшалар салынады.

Балаларды жазғы сауықтыру бойынша облыста 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны – 444 174 құрайды. Жалпы жазғы сауықтырумен 316 269 баланы қамту жоспарланған, ол 71,2% құрайды.

Қазіргі таңда облыс көлеміндегі 16, оның 8 – мемлекеттік, 8 – жекеменшік қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде жоспарға сәйкес әлеуметтік жағдайына байланысты 22 324 бала бюджет есебінен тегін демалады деп жоспарланған. Алайда, үнемделген қаржы мен демеушілер есебінен тегін сауықтырылатын балалар саны – 23 355 жетті. Қазіргі таңда оның 9 638-і демалды. Ал, 35 306 бала ата-аналар есебінен ақылы түрде сауықтырылады деп күтілуде, - дейді Жандос Маханбетов. 

Өзгелердің жаңалығы