Түркістанда 91 жастағы қария вакцина салдырды

8 Қыркүйек 2021, 13:45
6076
Бөлісу:
Түркістанда 91 жастағы қария вакцина салдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде екпе алғандардың ең егдесі Заманбай Атишов. 91 жастағы қария Түркістан облысы Кентау қаласында тұрады. 1930 жылы Қарнақ ауылында дүниеге келген. 

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Вакцинаның екі компонентін де қабылдаған қарияның жағдайы өте жақсы. Қарияны бақылауға алған дәрігерлер осылай дейді.

Түркістанда 91 жастағы қария вакцина салдырды

Ғылым дәлелдеген вакцинаға сенім артып, індеттен сақтану үшін екпе қабылдадым. Балаларым да қабылдады. Бұл індетті жеңу үшін дәрігерлерге сенім арту қажет, – дейді 10 немере мен шөбере тәрбиелеп отырған ақсақал.

Әлемді жайлаған індетпен бүгінде әлем болып күрес жүргізілуде. Күресудің бірден-бір жолы – екпе ектіру. Егу науқаны басталғалы Кентауда 50 мыңға жуық азамат вакцина салдырған. Соның ішінде жасы үлкен қариялар жетерлік. Екпе қабылдаған егде жастағы қария Мұхтархан Жалаловтың жасы 85-тен асқан. Вирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының екі дозасын да қабылдап үлгерген қария денсаулыққа немқұрайлы қарамау керектігін айтады.

Қарнақ ауылының емхана қызметкерлері өз еркімен екпе салдыратын егде жастағылардың қатары қалың екенін айтады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 80-89 жас аралығындағы 32 866 зейнеткер каронавирусқа қарсы екпе қабылдаған. Белсенді қарттардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында тұрады.

Айта кетейік, бүгінге дейін елімізде 70-тен 79 жасқа дейінгі 136 мыңға жуық қария, 90 жастан асқан 1417 қария вакцина қабылдаған. Осылайша, зейнеткерлер де қоғам саулығын сақтауға белсенді түрде үлес қосуда.

Өзгелердің жаңалығы