Түркістанда 2025 жылға дейін 199 мектеп салынады

28 Тамыз 2022, 12:45
2574
Бөлісу:
Түркістанда 2025 жылға дейін 199 мектеп салынады

Түркістан облысында қазіргі таңда 961 орта білім беру ұйымы бар және оның 905-і мемлекеттік, 56-сы жекеменшік. Ал мектепке 510 мыңдай оқушы барады, деп хабарлайды Түркістандағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бірінші қыркүйек күні жаңа оқу жылы басталады. Түркістан халық саны көп аймақ болғандықтан білім саласы өзге облыстарға қарағанда күрделі екені жасырын емес. Статистика бойынша елімізде мектеп пен балабақшаға баратын  әрбір жетінші бала осы облысқа тиесілі. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 52 мың бала аттайды.  

Жыл сайын өтетін педагогтердің тамыз кеңесінде Түркістан облысының бас ұстазы Дінислам Болатханұлы облыстағы білім саласының жай-күйін баяндап берді. Баяндамадан ұққанымыз, республика бойынша білім саласына ең көп қаржы бөлінетін облыс – ол Түркістан. Айталық, биыл өңірдің білім саласына  456 миллиард теңге бөлініпті.

Президент тапсырмасы

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент болып қызметіне кіріскен сәтте он бағыт бойынша тапсырма берген болатын. Оның ішінде әрине білім саласы, жаңа мектеп салу, үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін толық шешуді айтып өткен-тін. Әсіресе шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлердегі бес мыңнан астам мектепті қайта жаңғырту керектігін атап көрсеткен еді. 

Ендеше Түркістан облысында Президенттің тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Дінислам Болатханұлының айтуынша, 2025 жылға дейін Түркістанда 199 мектептің құрылысы кезең-кезең бойынша салынбақшы. Бұл әрине өз кезегінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар. Айталық, 2021 жылы 77 мектеп салынса, биыл 34 мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін берілетінін жеткізді. Сонымен бірге, оңтүстік өңірде 56 жекеменшік мектеп бар. Бұл жекеменшіктің мектептердің тиімділігі, сыймай қалған оқушылар саны осы білім беру ұйымдарының есебінен толықтырылады. 

Күз айы келді дегенше, қыстың қамын ертерек қарастыра беруді әрбір мекеме жақсы біледі. Бұл ретте Президенттің тапсырмасына сәйкес, Түркістанда қырық мектептің жылу қазандығы көмірден көгілдір отынға ауысқан. Оған облыстық бюджеттен 443 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек, білім ошақтарын әрлеу, ақтау жұмыстары үшін 520 миллион теңге, ал тоғыз мектептің жөндеу жұмыстарына 146 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жасалып жатқаны айтылды. 

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мектепке дейінгі тәрбие мәселесін де айтып өтті. Оңтүстікте жалпы 1406 балабақша бар, оның 267-сі мемлекеттік, 1007-сі жекеменшік, 86-сы мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар құрайды. 

Айта кетейік, Түркістан еліміз бойынша балабақша ашудан алдыңғы қатарда келе жатқан облыстардың бірі. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында үш пен алты жастағы бүлдіршіндерді мектепке дейін оқытып, тәрбиелеуді қамтамасыз ету көзделген. Жекеменшік балабақшаларда бір балаға 25582 теңге берілсе, мемлекеттік балабақшаларға 33752 теңге берілген. Ал қазір мемлекеттік тапсырыс көлемі ауылдық жерде 45348 теңгеге, экологиялық аймақта 54216 теңге, қалалық жерде 41197 теңгеге, экологиялық аймақтарда 50065 теңгеге ұлғайтылды. 

11 мектеп үздіктер қатарында

Үш жылдық білім беру саласын кешенді дамыту мақсатында «TURKISTAN BILIMI» стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді қолға алған. «TURKISTAN BILIMI» экожүйесі дегеніміз саланы автоматтандыру әрі сапаны өсіру. Аталған платформаға аймақтағы білім ошақтары 100 пайыз тегін қосылды, – деді Дінислам Болатханұлы.

Сапалы білім беру үшін алдымен педагогтің біліктілігі сәйкес болуы керек. Осы мақсатта педагогтарды аттестаттау автоматтандыру бойынша «Е-Портфолио», білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын «Basqarma.Smartnation.kz» білім беру ресурстары енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылмақшы. Облыс бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарланды. 

Өздеріңіз көріп отырғандай, заманауи кітапхана оқушының тек кітап алып және оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпараттанып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы да болмақ, – дейді басқарма басшысы. 

Тағы бір жағымды жаңалық, жоғары сынып оқушылары кәсіптік білімді де қатар алып шыға алады. Мәселен, тұрғындар саны көп Мақтаарал мен Сайрам аудандарында екі кәсіптік оқу орны бар. Онда 4520 оқушы 12 мамандық бойынша оқып, куәлік алады. Сонымен қатар, аймақта 11 мектеп «100 үздік мектептің» тізіміне енгенін айта кеткен жөн. 

Ұлттық бірыңғай тестілеудің де көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Атап айтқанда, 2021 жылы 11-сыныпты бітірген 30049 түлектің 1431-і «Алтын белгі» алса, 2211 оқушы «Үздік» аттестатпен бітірген. Басқарма басшысы 2023 жылдан бастап мектептің және колледждердің білім сапасы жоғары оқу орнына грантпен түскен түлектердің санымен бағаланатынын айтты. 

Бүгінгі таңда оңтүстік өңірінде 55516 педагог бар. Қазір білім беру ұйымдарын бір директордың көп жыл басқарып отыруы қажет емес деген мәселе көп айтылып жүр. Сол себепті, осы жылы Түркістанда 224 мектептің директоры ротацияланады. 

Президент 2022 жылды Балалар жылына арнады. Киелі өңірде балаларға қатысты 80-ге жуық іс-шаралар болып өтті. «Бес терек» жобасы, одан бөлек, «Әкелер мектебі», «Аналар кеңесі», «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымдары мен «Ата-аналар қауымдастығы» үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеп жатыр. 53 қосымша білім үйірмесіне 28500 оқушы барса, мектептегі үйірмелерге 327 мың оқушы барады. Осы бағытта Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға, ал Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңадан Оқушылар үйі ашылды. Ал Түлкібас ауданы «Жанкент» жалпы орта мектебінің базасында 150 балаға арналған «Өнер» мектебінің филиалы құрылды. 

Биыл Түркістан қаласында «Fablab» шеберханасы ашылды, мұнда оқушыларды шығармашылыққа баулиды. Осы тектес шеберханалар алдағы уақытта Кентау, Арыс, Төлеби аудандарында ашылмақ. 

Тағы бір айта кететін жайт, облыста 26 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 31  арнайы білім беру ұйымдары қызмет етеді.

Өткен жылы төрт колледж «Жас маман» жобасы шеңберінде заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Облыста 52 колледжде 24 920 студент білім алады, оның ішінде 19 668 студенті мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 414 студент оқып жатыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың колледждерді ірі кәсіпорындардың қамқорлығына беру туралы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі 30 колледжді 53 кәсіпорын шефтік қамқорлығына алу туралы меморандумдар түзілді. 33 колледж 38 мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесі негізінде білім беруде. Сонымен қатар, колледж студенттері 362 кәсіпорында келісім-шарт негізінде тәжірибеден өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы