Түркістан облысында сұйытылған мұнай газының жеткілікті қоры бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев мәлім етті.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Түркістан облысында сұйытылған мұнай газының басқа облыстармен салыстырғанда бағасы тұрақты.
Облыста сұйытылған мұнай газ таратушы 37 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Автомобильдік газ құю станцияларының саны – 317. Өңірде сұйытылған мұнай газына 1 айға қажетті көлемі – 12 915 тонна болса, оның 10 мың тоннасын автокөліктер пайдаланады. Бүгінде облыста мұнай газының бағасы тұрақты. Жалпы сәуір айына – 10 236 тн. («PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС - 8148 тн, «СНПС - Ақтөбекмұнайгаз» АҚ - 2088 тн.), мамыр айына – 12 359 тн («PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС), маусым айына – 10 739 тн. («PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС) сұйытылған мұнай газы бөлінді. Өңірімізде сұйытылған мұнай газының 1 литр бағасы – 60-65 теңге. Егер одан асырып сатқан жағдайда шара қолданылады, – деді басқарма басшысы.
Брифингте белгілі болғандай, қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%). 13 сәуірдегі дерек бойынша жанармай құю бекеттерінде АИ-92 – 1 мың 821 тонна, АИ-95 – 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құрады. Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаны құрап отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Енді осы тапшылықты болдырмау бағытында жұмыстар күшеймек.
Брифингте сөз алған Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов өңірде жанар-жағармайдың шетелге заңсыз тасымалына жол бермеу бағытында тұрақты түрде зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Оның мәлімдеуінше, дизель отынының көршілес елдерге мөлшерден тыс тасымалдауын болдырмау үшін Өзбекстанмен шекара маңында орналасқан кеден бекеттерінде энергетикалық бекеттер құрылған. Мониторинг топтары жұмыс жүргізіп, бірқатар кемшілік анықталған. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған. Ол бойынша 7 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді.
Айта кетсек, Түркістан өңірінде жанар-жағармай және газбен қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Жалпы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұрақты түрде дизель отынымен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда, жанар-жағармай мен газ тапшылығына және бағасының негізсіз өсуіне және жол бермеу мақсатында аудан, қалаларда тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Осы мәселелерге қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды.