Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта құрудан өткізу жұмысы қолға алынған. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бағыттағы жол 2024 жылы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары 4 учаскіге бөлініп, кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Атап айтсақ, Түркістан-Шәуілдір I учаскі (11,4 шқ), Түркістан-Шәуілдір II учаскі ( 17,7 шқ), Түркістан-Шәуілдір III учаскі (17,6 шқ), Түркістан-Шәуілдір IV учаскі (17,4 шқ).
Бүгінгі таңда Шәуілдір елдісмекенінен Түркістан қаласы бағытына қарай 35 шақырым (III-IV учаскі) аралықта жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, жөндеу барысында жол бойындағы су өткізгіш құбырлар және көпірлер қайта құрудан өтіп, жолдың ені 2 жолақтыдан 4 жолақтыға дейін кеңейтілуде. Яғни, жолдың ені 8 метрден 15 метрге дейін ұлғайтылған.
Қайта құру жұмыстарын III учаскіде мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС-і және IV учаскіде «Отау-Строй» ЖШС-і тарапынан іске асырылуда. Нысанды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.
Таяуда Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов аталған нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын, сапасын қадағалау мақсатында мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары мен жауапты мамандардың қатысуымен аталған жұмыстарды аралап, тиісті орындалуын қадағалап, тапсырмалар берілгендігін хабарлады.