Түркістан өңірі бойынша оқу жылын 30 049 оқушы бітірді

25 Мамыр 2022, 19:26
2395
Бөлісу:
Түркістан өңірі бойынша оқу жылын 30 049 оқушы бітірді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін киелі Түркістан қаласы Абай атындағы №31 жалпы орта мектепте соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы болып өтті. Салтанатты жиынға қатысқан 60 түлек соңғы рет қоңырау үнін естіді. Мерекелік жиынға мектептің барлық ұстаздары мен оқушылары, ата-аналар қатысты. 

Мектеп директоры Шынар Ерғалиқызы түлектерге ақ жол тілеп, өмір айдынында адаспай өз орындарын табуларына тілектестік білдірді. Оның айтуынша, бүгінде аталған білім ошағында 1916 оқушы білім алады. Сонымен қатар, Абай мектебінде үздік оқушылар көп. Айталық, мектептің екі оқушысы «Алтын белгі» иегері атанса, ал үш оқушы үздік аттестатпен бітірген. 

Салтанатты жиында сөз алған «Алтын белгі» иегері Жанерке Садуахас алтын ұя мектебі мен оқытушыларға алғысын білдірді. Ол болашақта ұстаздары сияқты мұғалім болғысы келетінін де жеткізді.  

«Мектепті «Алтын белгіге» бітірдім. ҰБТ тапсырарда осы «Алтын белгіні» ақтаймын деп үміттенемін. Әрине қимастық сезім болады. Он бір жыл бірге оқыған достарыңмен, аяулы ұстаздарыңмен қоштасуға тура келеді. Мәңгі бақи бала болып қала алмайсың. Ерте ме, кеш пе үлкен өмірге қадам басамыз. Бұл ерекше сәт жадымызда жатталып қалады. Аяулы ұстаздарымыздың еңбегін ақтауға тырысамыз», – деді жас түлек.

Түркістан өңірі бойынша оқу жылын 30 049 оқушы бітірді

Мерекелік іс-шарада үздік аттестатқа бітірген Камила Темірханның анасы Бақыткүл Бердіхожаева қызының ағылшын тілі мамандығы бойынша Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін таңдап отырғанын айтты. 

«Бүгінгі соңғы қоңырау мерекесімен бітіруші түлектерді шын жүректен құттықтаймын. Ата-ана ретінде мектеп әкімшілігіне, ұстаздарына тәлім-тәрбиені егіз берген сынып жетекшісіне алғысым шексіз. Оқушыларға толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспін. Осы Абай мектебінде оқығандықтан ұлы данамыз секілді өмірде де үлкен жеңістерді бағындыра берсін. Сонымен бірге, соңғы қоңырау мектепте соғылса да оның сыңғырлаған үні жүректерінде мәңгі сөнбей қала берсін», - деді ата-ана.

Түркістан өңірі бойынша оқу жылын 30 049 оқушы бітірді

Еске сала кетсек, биыл оқу жылын Түркістан өңірі бойынша 30 049 оқушы бітіріп отыр. 

Өзгелердің жаңалығы