Түркістан облысында жанар-жағар май бағасы тұрақты бақылауда

5 Наурыз 2022, 16:33
1619
Бөлісу:
Түркістан облысында жанар-жағар май бағасы тұрақты бақылауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы аумағында өткен жылмен салыстырғанда АИ-92 бензинінің орташа бағасы 20,8%, дизель отыны 28%, АИ-95 бензинінің орташа бағасы 24% өскен.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Дегенмен, облыс бойынша жанар-жағар май бағасы тұрақты. Үкіметпен бекітілген шекті бағадан аспайды және жетіспеушілік салдары байқалмайды. Бұл туралы облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдіразақова брифингте мәлімдеді.

Өңірде күнделікті жанар-жағар май құю бекеттеріндегі бағалар бойынша мониторинг жүргізілуде. Егер бағаны негізсіз көтірген бекеттер анықталса шара көріледі. Жалпы баға тұрақтылығы Энергетика министрлігі тарапынан бақылауда, - деді Нұргүл Пердебайқызы.

Бүгінде өңіріміздегі жанар-жағар май құю бекеттерінде бір литр АИ-92 маркалы бензин 174,2 теңгеден, АИ-95 бензині 205,6 теңгеден сатылуда. Ал, дизельді отынның бағасы - 224,9 теңгені кұрайды. Айта кетейік, ірі жанар-жағар май құю бекеттерінде АИ-92 бензиннің бағасы 175-177 теңге, дизельді отын 225-230 теңге аралығында.

Өзгелердің жаңалығы