Түркістан облысында полицейлер кәріз құбырларын ұрлаған күдіктіні ұстады

22 Желтоқсан 2020, 15:46
1654
Бөлісу:
Түркістан облысында полицейлер кәріз құбырларын ұрлаған күдіктіні ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті фирманың өкілдері арызданып, белгісіз адамдар мекемеге тиесілі 300 м кәріз құбырларын қазып, ұрлап кеткендігін хабарлаған. 

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 800 мыңға жуық теңгені құрады.

Оқиға орнына Сайрам АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері шығып, жақын маңдағы барлық аумақты, аулаларды аралап, куәгерлерден сұрастырып, сондай-ақ сауда нүктелері мен бейнебақылау камераларын тексерді. 

Бірнеше күн бойы жүргізілген осындай жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ полицейлері күдіктіні ұстады. Аудандық Полиция басқармасына жеткізілген ер адам жергілікті тұрғын болып шықты.

Ер адам «оңай олжаға кенелу» мақсатында аталған құбырларды қазып ұрлап, кейін сатқан, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өзгелердің жаңалығы