Түркістан облысында мал азығы жеткілікті

13 Маусым 2022, 19:15
1478
Бөлісу:
Түркістан облысында мал азығы жеткілікті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 851 мың гектарға егу жоспарланып, ол жұмыс толығымен аяқталды.

Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде малазықтық дақылдардың көлемі 5,5 мың гектарға артып, 227,5 мың гектарға орналастырылды. Сондай-ақ дәнді дақылдар – 298,2 мың гектарға, дәндік жүгері – 44,5 мың гектарға, бидай –201,2 мың гектарға егілді. Түркістан облысы әкімі аппаратының отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев малазықтық дақылдың 2 жылдық қорын жасақтау маңызды екенін жеткізіп, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшысына тапсырмалар берді.

Былтырғыдай күрделі жағдай қайталанбауы тиіс. Қазір нағыз жұмыстың қызған шағы. Мал азығын әзірлеуге, жинауға баса назар аударыңыздар. Биыл 2 жылға жететін қор жасақтау қажет. Ауа райының жаңбырлы әрі шөптің мол болуы қолайлы болып тұр. Жем-шөптің бағасы да былтырғыдан арзандады. Осы мәселені толық қадағалап, мониторинг жүргізіп отырыңыздар, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биылғы егіс науқанына 12,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан дала жұмыстарына 1672 агроқұрылымға 5,3 млрд теңге несие берілген. Көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін облыста төмендетілген бағамен 47,9 мың тонна дизель отыны бөлініп, босатылды. Облыста 475 түрлі минералды тыңайтқыштың құнының 50%-ын субсидиялауға 6 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 319 мың гектар егістік алқап тыңайтылады.

Биыл облыста ІҚМ – 0,1%-ға (1129,6 мың бас), уақ мал – 3,7%-ға (4776,9 мың бас), жылқы – 3,4% -ға (389,9 мың бас), түйе – 2,1% -ға (35,0 мың бас), құс –3,5% - ға (2297,1 мың бас) артқан. Мал басының артуына байланыты мал қыстату науқанына қажетті мал азығы 4,1 млн тоннаны құрады. Бүгінгі күнге 0,5 млн тонна мал азығы дайындалды. Егілген егіс көлемінен 645 мың тонна мал азығы жиналады. Облыста егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 350-400, жоңышқа 500-700 теңге аралығында сатылуда. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылуда (65 тг/кг). Бүгінгі күнге 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылды.

Өзгелердің жаңалығы