Түркі академиясының президенті қырғыз халқына көңіл айтты

2 Мамыр 2021, 20:33
2383
Бөлісу:
Түркі академиясының президенті қырғыз халқына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қырғызстанның Баткен облысындағы ахуалға байланысты қырғыз халқына көңіл айтты. Бұл туралы академияның баспасөз қызметі хабарлады.

Бауырлас Қырғыз елінің Баткен облысында болған қайғылы жағдайға біздің де қабырғамыз қайысты. Қасиетті ораза айында оқ атылып, бейбіт азаматтар ажал құшты, көптеген жазықсыз жандар жараланды. Осыған орай, Қырғыз Республикасы Президентінің жарлығымен 1-2 мамыр аза тұту күні деп жарияланды. Опат болғандарды Алла панасына алсын, олардың отбасыларына көңіл айтамыз. Жаралылардың тез сауығып кетуін тілейміз. Мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз. Біртуған қырғыз елімен біргеміз!, - делінген көңіл айту жеделхатында.

Еске салайық, шекарадағы қақтығыс 28 сәуірде Баткен облысы, Көк-Таш ауылындағы «Головной» су тарату пункті ауданында басталды.

Алдымен сөзбен келісе алмаған даудың арты төбелеске ұласты. Тараптар бір-біріне тас лақтыра бастаған.  Содан кейін атыс болады.  Қырғызстанда 154 жәбірленуші медициналық көмекке жүгінді, 33 адам қайтыс болды, оның ішінде бір бала бар.

29 сәуірде қақтығыстан кейін Қырғызстан мен Тәжікстан бірінші рет атысты тоқтатып, әскери күштерді бұрынғы орналастырылған жерлеріне шығаруға келісті.

1 мамырда шекарадағы ахуал тұрақталғаны хабарланған. Алайда бірнеше сағаттан кейін бұл аймақтағы жағдай шиеленісе түсті: Арқа ауылында тәжік әскери қызметшілері қырғыз азаматтарының тұрғын үйлеріне оқ жаудырды. Сондықтан Қырғызстан ҰҚК ҚС шекара бөлімшелері қорғануға мәжбүр болады.

1 мамырдың кешінде Қырғызстан мен Тәжікстан толықтай атысты тоқтату және әскерлерді шығару туралы келісімге келді.

Жексенбіде екі елдің делегациялары шекара хаттамасына қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы