Ақмола облысындағы тасжолда Volvo жүк көлігі, Hyundai және Lada маркалы автокөліктер соқтығысты. Жол апаты салдарынан бес адам зардап шекті.
Әлеуметтік желіде Ақмола облысында болған жол апаты туралы ақпарат жарияланды.
Жазба авторының айтуынша, апаттан туғанына небәрі төрт күн болған сәби зардап шеккен. Әлеуметтік желідегі пікірлерде қолданушылар анасы мен баласы перзентханадан үйіне қайтып келе жатқанын жазып жатыр.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам жарақат алған. Олардың арасында екі бала бар. Қазір екеуі де облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Төрт күндік нәрестенің жағдайы ауыр. Ол жансақтау бөлімінде жатыр, өкпесіне жасанды тыныс алу аппараты қосылған. Ал екінші бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Оқиғаға қатысты Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Полиция мәліметінше, 7 қарашада «Астана – Петропавл» автожолының 312-шақырымында Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған.
Апат салдарынан Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады», – деп мәлімдеді ведомстводан.