Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жалғасып жатыр. Жаңа цифрлық шешімдер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және саладағы бақылауды күшейтуге бағытталған.
Қазіргі уақытта бірыңғай цифрлық контурда 21,3 мыңнан астам медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мың медициналық техника туралы дерек жинақталған. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау нәтижесінде мәліметтерді қолмен енгізу азайып, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме 30-40%-ға төмендеген.
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтердің 88%-ы электронды форматта көрсетіледі. 2025 жылы 215 млн-нан астам мемлекеттік қызметтің 190,8 миллионы электронды түрде ұсынылған. Сондай-ақ 8,5 млн-нан астам электрондық медициналық анықтама беріліп, 5,6 млн адам дәрігер қабылдауына онлайн жазылған.
Цифрлық мониторинг жүйесімен 11 млн-нан астам әйел мен бала қамтылған. Оның ішінде шамамен 7 млн бала және 4,3 млн әйел бар. Бұдан бөлек, 3,6 млн пациент динамикалық бақылауға алынған.
Дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау жүйесі заңсыз айналымдағы 21 мыңнан астам препаратты анықтауға мүмкіндік берді. Таңбалау арқылы дәрілердің қозғалысы мен қалдығын онлайн бақылап, заңсыз есептен шығару жағдайларын анықтауға болады.
Цифрлық бақылау нәтижесінде 10,6 млрд теңгеге негізсіз медициналық қызмет көрсетудің алдын алу мүмкін болған. Цифрлық сәйкестендіру 1 950 медициналық ұйымда енгізілген. Қазір қабылдаулардың шамамен 73%-ы Face ID және электрондық құжаттар арқылы жүргізіледі.
Цифрландырудың келесі кезеңінде 1,9 мыңнан астам медициналық ұйымды Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйеге біріктіру жоспарланып отыр. Жүйеде дәрігерлерге арналған бірыңғай жұмыс интерфейсі мен жасанды интеллект ассистентін енгізу көзделген.
Осылайша, денсаулық сақтау саласы жекелеген цифрлық сервистерден деректерге негізделген бірыңғай басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшіп жатыр.