«Цифрлық активтер туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды

12 Қазан 2022, 10:35
1844
Бөлісу:
«Цифрлық активтер туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды

Бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасына қатысты түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасына цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында  Парламент депутаттары П.О. Казанцев, Қ.Б. Сафинов, Е.В. Смышляева бастамашы болған. 

Заң Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық активтер нарығын дамытуға, цифрлық активтерді шығару, орналастыру және айналысқа шығару процесінде туындайтын қатынастарды реттеуге бағытталған, сондай-ақ цифрлық активтер нарығы субъектілерінің қызметін реттеудің ерекшеліктерін көздейді, - деп атап өтті комитет төрағасы.

Заң жобасы 12 баптан тұрады, онда цифрлық актив, қамтамасыз етілмеген цифрлық актив, цифрлық майнинг, блокчейн сынды негізгі ұғымдар қамтылған. Цифрлық активтер саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу мақсаттары мен қағидаттары, уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті, қамтамасыз етілген цифрлық активті шығару, цифрлық активті қамтамасыз етілгендерге жатқызу тәртібі, сондай-ақ цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет, цифрлық майнингке арналған инфрақұрылымды ұсынатын мамандандырылған 
дата-орталықтардың, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер биржасының қызметі көзделген.

Жұмыс тобына 18 түзету келіп түсті. Олар мүдделі мемлекеттік органдар, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында, сондай-ақ комитеттің кеңейтілген отырысында қаралды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің комитеттері осы заң жобасы бойынша қорытындыларын берді.  Осы айтылғандарға байланысты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасын бірінші оқылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жалпы отырысының қарауына енгізуді ұсынады, - деді Альберт Рау. 

Өзгелердің жаңалығы