Цифрлы әлемдегі детектив: Жасөспірім 100-ден астам блогердің алаяқтығын әшкерелеген

15 Желтоқсан 2022, 12:50
3930
Бөлісу:
Цифрлы әлемдегі детектив: Жасөспірім 100-ден астам блогердің алаяқтығын әшкерелеген

Әлеуметтік желідегі алаяқтық күннен күнге түрленіп, дамып келеді. Жыл басынан бері елімізде 18 500 интернет-алаяқтық тіркелген. Олармен күресудің тиімді жолын тапқан цифрлы әлемнің детективі Нұрдәулет Мэлс бұл жолды қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 - Бұл жолды таңдауыңа не түрткі болды? 

- Мен Орал қаласынанмын. Бұл істі былтыр сәуір айында қолға алдым. Әрине, мені де әлеуметтік желіде алдап кеткендер болды. 3 жыл бұрын алаяқтар жеке YouTube каналым мен ақшамды алдап алып қойған еді. Осы оқиғадан кейін мен TikTok-та осындай алаяқтарға қарсы бағытта контент жасауды бастадым.

 - Алаяқтардың аккаунты екенін қалай байқайсың? Олардың қандай белгілері бар? 

- Кез келген аккаунттың алаяқ екенін бірден аңғаруға болады. Олардың фолловерлері (оқырмандары)  қолдан көбейтіледі. Жазбадағы кері байланыс аз болады немесе тіпті көрсетілмейді. Жасанды пікірлерді бірден білуге болады. Сонымен бірге аккаунттың адресіне де назар аудару қажет. Арнайы картадан іздесеңіз таппауыңыз да мүмкін. Сондай-ақ егер дүкен болса, оны іші-сыртын шынайы эфирге шығып көрсетпейді. Алаяқтар тек интернет бетінен дайын суреттерді тауып қояды. Және де затты «арзан бағада сатылып жатыр үлгеріңіздер» деп халықтың жанына тиетіндей етіп хабарлайды. 

 - Қазірге дейін әлеуметтік желіде блогерлер түрлі ұтыс ойындарын ойнатады. Бұған көзқарасың қалай? Сен көптеген блогердің шамына тигенің анық. Саған қысым жасағысы келгендер  болды ма?

- Әрине, ойнатқан жақсы ғой. Бірақ бәрі әділ өтсе... Өйткені блогерлер әрбір «гивтан» 20-30 млн-дай табыс табады. Алайда, уәде еткен сыйлықтарын бермей жатады. Меніңше, бұл нағыз кесір. Себебі, қазіргі таңда бүкіл жастар блогерлерге сеніп, оларға алтын уақытын құртып жатыр. Сол себепті осы нәрсеге қарсымын. Әлеуметтік желіде қысым көрсетіп, бопсалайтын адамдар көп. Бірақ өмірде алдыма келіп әңгіме айтқан адам болған жоқ. 

 

- Өзіңді кіммін деп атайсың? Қатарыңа қандай кеңес берер едің? 

- Мен өзімді детективпін деп есептеймін. Біздің қоғамдағы алдаған әрбір алаяқты әшкерелеймін. Өз қатарыма айтарым ең дұрысы - білім алу. Жеңіл нәрсеге сенбеңіздер. Блогерлердің бәрі әлеуметтік желідегідей шынайы емес. Осыған дейін 100-шақты істің басын аштым. Оның ішінде Тикток-қа шыққаны бар, өшіріп тастағандарым да бар. Оның бәрін қосқанда жүзден астам адамға көмектестім деп айта аламын. Мен мұнымен тоқтап қалғаным жоқ. Қазіргі парақшам менің ашқан төртінші аккаунтым. Одан бұрынғыларын блогерлар оқырмандары арқылы шағым тастап бұғаттап тастады. Бірақ бұл мені тоқтата алмайды. 

- Уақыт бөліп, әңгімелескеніңе рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы