Жол үстінде көлігіңіз аяқ астынан өшіп қалды делік. Дөңгелек жарылды, техника істен шықты, ал ең жақын елді мекен бірнеше шақырым жерде. Мұндайда эвакуатор іздеп, танысқа қоңырау шалудың қажеті болмауы мүмкін. Енді республикалық трассалардың кейбір учаскелерінде жүргізушілерге арнайы техникалық көмек экипаждары жете алады.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды өңірлік көлік прокуратурасымен бірлесіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жаңа сервисті пилоттық режимде іске қосты.
Әзірге арнайы қызғылт сары пикаптар Астана- Аршалы және Астана – Теміртау бағыттарында жұмыс істейді. Ең бастысы – қызмет тегін.
Көмек шақыру үшін не істеу керек?
Егер көлік трассада бұзылып қалса, жүргізуші 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуы керек.
Операторға тұрған жеріңізді, қай бағытта келе жатқаныңызды, қандай мәселе туындағанын айту қажет.
Өтініш қабылданғаннан кейін оқиға орнына техникалық көмек көрсету экипажы жіберіледі.
Қандай жағдайда көмек көрсетеді?
Арнайы пикаптар жол үстінде алғашқы техникалық көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтармен қамтылған.
Экипаждар дөңгелек жарылғанда немесе желі шыққанда, көлікте техникалық ақау пайда болғанда, сүйреп әкету қажет болғанда және жүргізуші өздігінен әрі қарай қозғала алмай қалған өзге жағдайларда көмек көрсете алады.
Пикаптар жүргізушілерге бірден байқалуы үшін ашық қызғылт сары түске боялып, арнайы жарық сигналдарымен жабдықталған.
Неге мұндай қызмет қажет?
Трассада амалсыз тоқтап қалған көлік, әсіресе жоғары жылдамдықпен жүретін учаскелерде, түнде немесе ауа райы қолайсыз кезде басқа жүргізушілер үшін де қауіп төндіреді.
Сондықтан жаңа сервистің міндеті – көмекке мұқтаж жүргізушіге жедел жетіп қана қоймай, жолдағы қауіпті жағдайды мүмкіндігінше тез жою. Қажет болса, тоқтап қалған көлікті қауіпсіз жерге шығаруға да жәрдемдеседі.
Техникалық қызмет келгенше жүргізуші мүмкіндігінше көлікті жолдың жүру бөлігінен қауіпсіз жерге шығарып, авариялық жарық сигналын қосып, қауіпсіздік талаптарын сақтауы керек.
Қызмет басқа трассаларда да пайда болуы мүмкін
Әзірге жоба пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Оның барысында жаңа қызметке қаншалықты сұраныс бар екені, экипаждардың шақырту орнына қанша уақытта жететіні және жүргізушілердің жолда қандай мәселелерге жиі тап болатыны сараланады. Жинақталған тәжірибе алдағы уақытта республикалық автожолдардағы техникалық көмек жүйесін дамыту кезінде ескерілмек.
Яғни пилоттық жоба тиімділігін көрсетсе, мұндай қызғылт сары пикаптарды еліміздің басқа республикалық трассаларынан да көруіміз мүмкін.
Есте сақтайтын нөмір – 1403. Республикалық трассада көлігіңіз бұзылып қалса, осы нөмір арқылы «ҚазАвтоЖолдың» тегін техникалық көмегін шақыруға болады.