АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа сауда тарифтерін енгізу туралы мәлімдемесінен кейін акция нарықтары құлдырап, әлемдегі ең бай 500 адамның жиынтық байлығы $208 млрд-қа қысқарды. Бұл туралы Bloomberg Billionaires Index мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл көрсеткіш индекстің 13 жылдық тарихындағы ең ірі шығындардың төрттігіне кіреді және COVID-19 пандемиясының шарықтау шегінен бергі ең үлкен қаржылық құлдырау болып отыр.
Тізімге енген миллиардерлердің жартысынан көбі шығынға ұшырап, олардың байлығы орта есеппен 3,3%-ға кеміген. Әсіресе, америкалық миллиардерлер қомақты шығынға батты.
Мәселен Meta Platforms Inc. және Amazon.com Inc. акциялары 3 сәуірде 9%-ға арзандап, олардың негізін қалаушылар Марк Цукерберг пен Джефф Безос сәйкесінше $17,9 млрд және $15,9 млрд жоғалтты.
Tesla Inc. басшысы Илон Масктың байлығы бір күнде $11 млрд-қа азайды. Компанияның акциялары 5,5%-ға құнсызданған.
Ал Мексиканың ең бай адамы Карлос Слим бұл қаржылық күйзелістен аман шықты. Себебі Трамптың тарифтері Мексиканы қамтымады. Нәтижесінде, елдің қор индексі Bolsa 0,5%-ға өсіп, Слимнің байлығы 4%-ға артты.