Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Трамп туған күнінде әскери парад өткізуді жоспарлап отыр

8 Сәуір 2025, 13:51
810
Бөлісу:
 AFP/Getty Images
Фото: AFP/Getty Images

БАҚ мәліметінше, Трамп 14 маусымда – АҚШ армиясының 250 жылдығы және өзінің туған күнімен тұспа-тұс келетін күні – ауқымды әскери парад ұйымдастырғысы келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ президенті Дональд Трамп 14 маусымда ел астанасы Вашингтонда АҚШ армиясының 250 жылдығына орай үлкен әскери парад өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы 7 сәуір, дүйсенбі күні бірнеше америкалық басылымдар хабарлады. Сол күні Ақ үй басшысының 79 жасқа толатыны да атап өтілді.

Алғаш осы жоспар туралы жазған Washington City Paper газетінің мәліметінше, парад бағыты 4 мильге (шамамен 6,5 км) созылады – Вашингтон маңындағы Арлингтонда орналасқан АҚШ Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтерінен Ақ үйге дейін.

The Hill және NewsNation басылымдарына сөйлескен жергілікті әкімдік пен қарулы күштердің өкілдері бұл жоспардың бар екенін растады. Алайда олар бұл әлі ресми түрде бекітілмегенін және парад өткізуге қатысты қандай да бір ресми өтініштер не бұйрықтар жоқ екенін нақтылады. Washington City Paper парад жоспары туралы әзірге тек жергілікті билікке хабарланғанын жазады.

Трамптың бірінші президенттік мерзіміндегі әскери парадтар

Трамп бірінші президенттік мерзімі кезінде, 2018 жылы да әскери парад өткізгісі келген. Алайда ол жоспар жүзеге аспады – себебі іс-шараның болжамды шығыны шамамен 92 миллион долларды (84 миллион еуро) құраған. Сонымен қатар, қала билігі танктер мен басқа да ауыр техниканың жолдарды бүлдіруінен қауіптенді.

Келесі жылы, 2019 жылы, 4 шілде – АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне орай Вашингтонда соңғы 27 жылда алғаш рет ірі әскери парад өтті.

Өзгелердің жаңалығы