АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты мәлімдеме жасап, Ислам Республикасынан шартсыз берілуді талап етті. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШАРТСЫЗ БЕРІЛУ, - деп бас әріппен жариялады Трамп.
Трамп өз мәлімдемесінде АҚШ Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеиді өлтіруді мақсат етпейтінін, алайда оны жоюға мүмкіндігі бар екенін және оның қайда екенін білетінін айтты.
Сонымен қатар, АҚШ президенті Вашингтонның Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа тікелей араласқысы келмейтінін мәлімдеді. Дегенмен, ол:
АҚШ-тың шыдамдылығы таусылды, - деп ескертті.
Трамптың айтуынша, қазір Иранның үстіндегі әуе кеңістігі АҚШ-тың толық бақылауында, ал Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері АҚШ-қа төтеп бере алмайды:
Иранның Әуе қорғанысы жақсы, бірақ біздікінен әлдеқайда төмен, - деді ол.
Бұған дейін, 13 маусымда Израиль Иранға соққы беріп, елде төтенше жағдай жариялаған болатын. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху операцияның мақсаты Иранның ядролық инфрақұрылымын жою деп мәлімдеді.
Жауап ретінде Иран Израильге бірнеше зымыран шабуылын жасады.
Ал 16 маусымда АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Таяу Шығыстағы әскери күштердің арттырылғанын хабарлады. Бұл АҚШ-тың аймақтағы қорғаныс позициясын күшейтуге бағытталған.