Төрт өткізу бекетіне электронды кезек енгізіледі

15 Ақпан 2023, 16:31
2616
Бөлісу:
Төрт өткізу бекетіне электронды кезек енгізіледі

Ақпан айының соңына дейін Қазақстан бойынша тағы төрт өткізу бекетіне электронды кезек енгізіледі деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Электронды кезек жүйесін «CarGoRuqsat» онлайн броньдау сервисін  ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ мамандары жасап шығарған. Төрт өткізу бекетінің екеуі Қытай шекарасындағы «Бақты» (Абай облысы) және «Майқапшағай» (ШҚО) бекеттерінде орналасқан. «Бақты» бекетіндегі «CarGoRuqsat» сервисі 15 ақпаннан бастап, ал «Майқапшағай» бекетінде 20 ақпаннан бастап іске қосылады.

Бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық», «Нұр-Жолы» өткізу бекеттерінде электронды бекет енгізілген. Ал қалған екі бекет еліміздің оңтүстік-батысында орналасқан.

Электронды бекет кезегі 22 ақпанда «Темір-Баба» бекетінде, ал 27 ақпанда «Тәжен» бекетінде енгізіледі. Екі өткізу бекеті де Маңғыстауда, яғни біріншісі Түркіменстанмен, ал екіншісі Өзбекстанмен шекарада орналасқан.

Жүйеде шамамен кезекті броньдау бойынша 84 мың операция орындалып,  7,5 мың пайдаланушы тіркелген.

Мамандардың  айтуынша, сервис ұдайы жетілдіріліп, жақсартылып жатыр. Жақын арада ол «Face ID», яғни адамның келбетін сканерлеу арқылы тексерумен толығып, шетелдік азаматтар үшін тұлғаны банк картасы арқылы растау қызметі іске қосылады.

Мемлекеттік деректер базасы арқылы тексерістен қазақстандық тасымалдаушылар өтетіндіктен, бізде шетелдік тасымалдаушылар бойынша басқа базалармен интеграция жасалмаған. Тиісінше, айла-шарғы жасау деректері орын алған. Мәселен, бірнеше шетелдік компаниялардың өкілдері мемлекеттік нөмірлерді өзгерту, яғни бірінші жағдайда «сызықша» қойып, екінші рет «бос орын» қалдыру секілді бір нөмерді түрлендіру арқылы  кезек алған. Осылайша олар жаппай орын алып, осы арқылы өз клиенттерінің көлігін жылжыту мүмкіндігіне ие болған. Талдаулар көрсеткендей, сервис іске қосылғалы екі ай ішінде «Достық» бекеті арқылы шекарадан 1759 көлік құралы өткен, оның ішінде 1108-і немесе 63 % осы пайдаланушылардың көліктері. Пайдаланушы келісімшартын бұзғаны үшін аккаунттары бұғатталған. Егер броньда көрсетілген нөмірлі фуралар шекараға келсе, олар өте алады, бірақ аталған пайдаланушы кезекті өзгерту немесе қандай да бір броньды жылжыту құқығынан айырылады, - дейді ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы Азамат Курманов.

Оның айтуынша, келісімшартты бұзған пайдаланушылар аккаунтарын бұғаттан шығару 90 күнтізбелік күн өткеннен кейін немесе оған дейін соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Өзгелердің жаңалығы