Тоқаштан шыққан тышқан дауы. Өнімді өндірген цехқа айыппұл салынды

28 Наурыз 2022, 11:03
1349
Бөлісу:
Тоқаштан шыққан тышқан дауы. Өнімді өндірген цехқа айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. 

Ведомство UMC КҚ Балаларды оңалту ұлттық орталығында кондитерлік өнімнен бөгде материал (тышқан) табылған факті бойынша осы өнімді өндіруші және жеткізуші субъектіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Жоспардан тыс тексеру кезінде ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру цехы өзінің қызметін бастап кеткендігі туралы хабарламай, қызметін жүзеге асырғандығы анықталды. Санитариялық қағидалар талаптарының, оның ішінде тамақ өнімдерін өндірудің технологиялық процесі бойынша бірқатар бұзушылықтар айқындалды. Анықталған бұзушылықтар үшін кәсіпкерлік субъектісі 425-баптың 1-бөлігі бойынша 352 245 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қызметтің басталғаны туралы хабарламаның болмағаны үшін материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа жіберіліп, санитариялық нұсқама берілді, - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне өндірілетін өнімге сәйкестік туралы берілген декларацияның заңдылығын анықтау және оның күшін жою туралы мәселені қарау жөнінде хат жолдаған. 

Департамент «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 24-бабына сәйкес, эпидемиологиялық маңыздылығы төмен объектілердің қызметі хабарлама бойынша жүзеге асырылатынын еске салады. Жеке және заңды тұлғалар эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектілердің қызметі (пайдаланылуы) басталғанға дейін объектіні халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы бойынша нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келтіруге міндетті және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органды «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңында белгіленген тәртіппен объект қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті. 

Ведомство бизнес субъектілеріне аутсорсингтік компаниялар мен тамақ өнімдерін жеткізушілерді таңдауда мұқият болуды ескертіп отыр. Қажет болса, объектіге барып, оның дұрыс санитарлық жағдайына көз жеткізген жөн дейді. Бұл болашақта осындай жағдайларды және тамақтан улану қаупін болдырмауға көмектеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін астанадағы Республикалық балаларды оңалту орталығының асханасында шу шыққан болатын. Нақтырақ айтқанда, орталықтың асханасында сатып алынған тәтті тоқаштан өлі тышқан табылған.  Елордалық СЭС орын алған жайтқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. 

Өзгелердің жаңалығы