Заңсыз өтпек болған: Қырғызстан азаматынан құны 182 млн теңгенің алтыны тәркіленді

Қырғызстан азаматы 2,8 келі алтынды аяқ киімінің ұлтарағына жасырып, Қытайға алып өтпек болған. Алтын мемлекет кірісіне тәркіленді.

 istockphoto.com 10 Қазан 2026, 11:44
10 Қазан 2026, 11:44
295
Фото: istockphoto.com

Құны 182,3 млн теңге болатын алтын құймаларын Қазақстаннан Қытайға заңсыз алып өтпек болған. Ол үшін Қырғызстан азаматы алты алтын құймасын аяқ киімінің ұлтарағының астына жасырған.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, әйел алтынды Қырғызстаннан сатып алып, Қазақстанға «Қордай Авто» өткізу бекеті арқылы кіргізген. Кейін құймаларды Қытайға заңсыз алып өтуді жоспарлаған.

Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру үшін әйел аяқ киімінің ұлтарағының астына үш-үштен алтын құймасын орналастырған. Алайда «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында бақылаудан өту кезінде алтындар анықталып, тәркіленді.

Құймалардың жалпы салмағы 2,8 келі болған. Ал олардың құрамындағы алтынның үлесі 99 пайыздан асқан.

Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша сот алты алтын құймасына сотқа дейінгі тәркілеу шарасын қолданды. Алтын мемлекет кірісіне өткізілді. Қаулы заңды күшіне енді, – деп мәлімдеді ведомство.

Наверх