Тоқаевтың желідегі жазбалары неге кешкі уақытта жарияланады? – Берік Уәли жауап берді

22 Шілде 2020, 18:32
3045
Бөлісу:
Тоқаевтың желідегі жазбалары неге кешкі уақытта жарияланады? – Берік Уәли жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының кестесі туралы айтып берді. Бұл туралы ол zakon.kz сайтына айтқан.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі қауырт. Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар басшыларымен, жұртшылық өкілдерімен кездесулер мен кеңестер өткізіп, жоспарлы іс-шараларға қатысады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы демалыссыз жұмыс істейді және туындаған мәселелерге жедел әрекет етеді деп айта аламын. Дағдарысқа қарсы күн тәртібімен қатар ол мемлекет дамуының ұзақмерзімді міндеттеріне: экономиканы қолдауға, әлеуметтік салаға көп көңіл бөледі, - деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілердегі Президенттің кейбір жазбасы неге кешкі уақытта жарияланатынын түсіндірді.

Президенттің twitter-дегі кейбір жазбасы кешкі уақытта шығатыны рас. Мемлекет басшысы еліміздің тыныс-тіршілігінен әркез хабардар және бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде шығатын жазбаларды оқуға уақыт табады. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы қажет деп есептесе, ол қоғамдағы пікірталас тудырған оқиғаларға қатысты өз көзқарасын білдіріп, қажетті тапсырмалар береді. Жұмыс кестесі тығыз болған жағдайда мұндай жарияланымдар түнгі уақытта да пайда болуы мүмкін, - деп түсіндірді Уәли.

Президенттің баспасөз хатшысының пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев, осылайша, барлық мемлекеттік қызметкерге үлгі болып, қазіргі қиын кезеңде қалай жұмыс істеу керегін көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы