Тоқаев Қазақстан мен Албания арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы ұсыныс айтты

7 Қыркүйек 2023, 12:27
928
Бөлісу:
Тоқаев Қазақстан мен Албания арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы ұсыныс айтты
Фото: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания Президенті Байрам Бегай екіжақты келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екіжақты кездесуде болашақта зерттеуді қажет ететін мүмкіндіктер бар екенін көріп отырмыз. Ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бұған дейін орнатылған байланысты кеңейтуге септігін тигізеді. Біз Албанияны маңызды серіктес деп білеміз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Албанияда ұқсас дүниелер өте көп екенін атап өтті.

Екі ел де көпұлтты және көпдінді мемлекет. Оның ішінде мұсылман халқы басым. Біз сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдар, БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы, ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытап келеміз. Сіздердің Еуропалық Одаққа қосылу туралы саясаттарыңызды білеміз. Біз сіздердің ЕО мүшесі болатындарыңызға қуанамыз. ЕО - Қазақстанның ең үлкен сауда серіктесінің бірі, - деп айтты Мемлекет басшысы кездесуде.

Тоқаев Қазақстан серіктестікті нығайтуды жалғастыра беретінін қоса кетті.

Туризм, энергетика, көлік салаларындағы бар мүмкіндіктерді айта отырып, біз астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу туралы да ойлануымыз керек. Қазақстан ынтымақтастығымызды дамытуға өте мүдделі екенін қайталып айтқым келеді. Біз елеулі нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанға ресми сапармен келгенін еске сала кетейік. 

Өзгелердің жаңалығы