Тоқаев мемлекет атауын өзгерту қисынсыз екенін айтты

16 Маусым 2022, 15:13
1386
Бөлісу:
Тоқаев мемлекет атауын өзгерту қисынсыз екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. 

Референдум кезінде мемлекеттің атауы өзгеруі тиіс еді деген пікірлер тарап жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны қисынды деп айтуға болмайды. Себебі әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар, - деп атап өтті Президент Ұлттық құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзінде. 

Сонымен қатар ол басты мәселеге тоқталып өтті. 

Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Еске сала кетейік, Ұлытау өңірінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтіп жатыр. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барды.

Өзгелердің жаңалығы