Тоқаев: Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды

11 Қазан 2023, 09:21
646
Бөлісу:
Тоқаев: Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды
Фото: Арман Мухатов , Ақорда

Бүгінгі Хатшылық отырысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 20 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылықтың XXI отырысына қатысушыларға арнайы құттықтауын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының құттықтау сөзін Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев оқып берді.

Тоқаев: Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды

Тоқаев өз сөзінде алдымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысының ашылуымен құттықтады.

Биыл алғашқы Съездің шақырылғанына – 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйіткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді. Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады, - деді Президент.

Тоқаев атап өткендей, қазір геосаяси жағдай ушығып, түрлі сын-қатерлер күшейіп тұр.

Осы алмағайып кезеңде мейірімділік, ізгілік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін, - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Президент Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатта ұйымдастырылып отырғанын айтты. Тоқаевтың құттықтауында жазылғандай, Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы