Тоқаев Германияға бірлескен консорциум құруды ұсынды

28 Қыркүйек 2023, 21:07
691
Бөлісу:
Тоқаев Германияға бірлескен консорциум құруды ұсынды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше құрмет көрсеткені үшін Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцке ризашылығын білдіріп, еліміздің Еуропа Одағындағы негізгі серіктесі – Германиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан айрықша мән беретініне назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Берлин барлық деңгейде белсенді әрі өзара сенімді саяси диалог жүргізіп келе жатыр және көпжақты алаңдар аясында тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Бүгінде Германия – Қазақстан экономикасына қаржы құйған жетекші инвесторлардың және ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Германияның Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларды құрады.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың әлеуеті зор және отандық нарыққа Германия бизнесінің барынша көбірек келуі үшін Қазақстан барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін атап өтті.

Мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін металлургия өнеркәсібі, «жасыл» энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салалары басым бағыттар ретінде анықталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев нақты қадам ретінде жеке неміс инвесторлары қатысатын жобаларды қаржыландыру бойынша екіжақты Жұмыс тобының қолдауымен Шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру жөніндегі консорциум құруды ұсынды.

Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия тарапын Транскаспий бағытының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысуға шақырды.

Сонымен қатар неміс тарапын жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде «жасыл» сутегін дамыту үшін анағұрлым тығыз қарым-қатынас орнатуға үндеді.

Бұл ретте Маңғыстау облысында Svevind Energy неміс-швед компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «жасыл» сутегін өндіру жобасының маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар Президент неміс әріптестерінің назарын Қазақстан азаматтарына қатысты виза режимін жеңілдету мүмкіндіктеріне аударды.

Өз кезегінде Федералдық канцлер Олаф Шольц Германия тарапының Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Канцлер Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды толық қолдайтынын әрі оған оң баға беретінін жеткізді.  Канцлердің пікірінше, заң үстемдігін қамтамасыз ету – елді орнықты дамытудың және шетелдік инвесторларды қолдаудың ең басты шарты.

Германия тарапы Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға дайын екенін нақтылады. Атап айтқанда, мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуға, жеткізу тізбегін әртараптандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.

Сондай-ақ «Жасыл» энергетиканы пайдалану және климат мәселесін бірлесіп ілгерілету бағытында қарқынды қарым-қатынасты жолға қою қажет екеніне назар аударды. Екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында бірлескен жұмысты жандандыруға баса мән берілді.

Өзгелердің жаңалығы