«Төлемдер комитетінен». Депозиттер бойынша өтемақы төленеді деген рас па

10 Қаңтар 2024, 21:10
2270
Бөлісу:
«Төлемдер комитетінен». Депозиттер бойынша өтемақы төленеді деген рас па
Фото: Арман Мухатов - архив

Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Депозиттерге кепілдік беру қоры қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті салымшылар! Әлеуметтік желілерде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын хабарлаймыз! Қаскүнемдер бейне бір Қаржы министрлігі атынан қандай да бір «Төлемдер комитетінен» депозиттер бойынша өтем ақша төленетіндігі жайында ақпарат таратып жатыр. Алдамшы есептер жүргізе отырып, олар сенгіш салымшыларға адам айтса нанғысыз сомалардың төленетіндігін айтады. Ал салымшылар заңды көрсетілетін қызметтер және өтінішті тіркету үшін аздаған жарна төлесе, бұл ақшалар салымшылардың карточкаларына түседі-мыс, - деді ҚДКБҚ.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозиттер бойынша кепілді өтем төлеумен айналысатын жалғыз ұйым – өзі екендігін тағы да еске салады.

Сіздерден өтініш, естеріңізде болғай, ҚДКБҚ жеке тұлғалардан ешқандай түрде және мөлшерде ақша алмайды және ала алмайды. Қордың мақсаты – банк лицензиясынан айырылған жағдайда оның салымшыларына кепілді өтем төлеу. Қор операциялар жүргізгені немесе рұқсат беру құжаттарын ұсынғаны үшін ешқашан ақша талап етпейді. Депозиттер бойынша өтем төлеуге қатысты алдын ала төлем талап еткен ешбір ұйымға ақша аудармаңыздар, - делінген хабарламада.

Депозиттер бойынша өтем төлеу туралы кез келген хабарламаны растау үшін алдымен ҚДКБҚ https://www.kdif.kz/ сайты секілді ресми ақпарат көздерін тексеріңіздер. 

Өзгелердің жаңалығы