Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

9 Желтоқсан 2020, 20:15
1746
Бөлісу:
Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістері қарастырылып, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік саланы дамыту, экономиканы әртараптандыру және бизнесті реттеу, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттердің жетекшілері баяндама жасады.

Жиында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшелері: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Президенттің кеңесшісі – Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары сэр Сума Чакрабарти, Премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев сөз сөйледі.

Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни, басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік жоспарлау реформасы жүйесінде цифрландыруды жеделдету мәселесіне баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан құжаттар мен бағдарламалардың барлық сатысына талдау жасау қажет.

– Тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарлама жасалды. Оның біразы күшін жойды, жаңа бағдарламалар мен құжаттар пайда болуда. Олардың бәрін сатылы түрде жүйелеп, қажет еместерінен арылу керек. Жоспарлаудың атқарушыларға және халыққа мейлінше түсінікті әрі ашық жүйесін жасаған жөн.

Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

Мемлекет басшысы консультативтік комитеттер жұмысының маңыздылығына назар аударып, бірінші кезектегі реформалардың тізімін анықтауға және оларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарға байланысты нақты міндет жүктеді. Сондай-ақ Президент Әлеуметтік кодекс, «Цифрлық Қазақстан», «АӨК-2025» сияқты ірі реформалардың әзірленуіне ерекше назар аударуды тапсырды. Барлық тараптар үшін ашық әрі бірыңғай тәртіп орнатудың мәні зор. Әділ бәсекелестік қалыптастыру, әкімшілік қысымдарды болдырмау – экономикалық өсімнің жүйелі шарты.

Президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру керек. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беру қажет.  

– Бізге жүйелі, соның ішінде, кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек. Жоғарғы Соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы болсын судья лауазымына  тағайындаған кезде, ең алдымен, судьялар корпусының өзінде үлкен мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби біліксіз, жеке және басқа да байланыстарын пайдаланады деп кінәлайды. Осы тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек екенін айтты.

– Бұл жерде мынадай мәселелерді түсіну маңызды: Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың жиі өзгеруі құқық қолдану тәжірибесінің тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қателесу қаупін арттырады. Бұл азаматтарымыздың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы қадамымыз дұрыс. Келесі жылы осы саладағы реформалар жақсы қарқын алып, нақты нәтижелер көрсетуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет.

Жиын қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.

Өзгелердің жаңалығы