Тоқаев: Қоқыс төккендерді жазалауды күшейту керек

10 Шілде 2021, 14:46
2085
Бөлісу:
Тоқаев: Қоқыс төккендерді жазалауды күшейту керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде Мемлекет басшысы ел ішіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Рұқсатсыз қоқыс төккендерді жазалау туралы айтқан ол телефон арқылы жедел хабар желілерін іске қосуды ұсынды.

Бір жыл бұрын мен бей-берекет қоқыс төгілген орындарға қатысты жүйелік шаралар қабылдау туралы тапсырма берген едім. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі шешілмей отыр. Кейбір тұрмыстық қалдықтарды көмуге тыйым салынған соң тығырыққа тірелдік. Көмуге де болмайды, оны төгетін арнаулы орындар да жоқ. Үкіметке осы мәселені қадағалап, қоқыс төккендерді анықтау мен жазалау шараларын күшейтуді тапсырамын, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, аталған проблеманы шешуге қоғам белсенділері мен экобелсенділерді тарту керек. Жедел желі іске қосылса, біраз түйткілді істің басы қайырылатындығын алға тартты. Сонымен қатар, Үкімет жергілікті атқару органдары, әкімдермен бірлесіп, ірі көлемді және құрылыс қалдықтарын шығаруға заң тұрғысынан тиімді жағдай жасауы қажеттігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент Шымкент қаласы әуежайының ұзаққа созылған құрылысы туралы айтты. 

Өзгелердің жаңалығы