- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан соғыс ардагерлеріне төлем көлемі бойынша ТМД-да көш бастап тұр
Қазақстан соғыс ардагерлеріне төлем көлемі бойынша ТМД-да көш бастап тұр
Санаулы ғана қалған соғыс саңлақтарына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Сонымен қай ел қанша қаржы береді?
Бүгiн 2026, 12:30
Жыл сайын ТМД елдері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек тағайындап, түрлі әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастырады. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Алайда мемлекеттер арасындағы төлем көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар. Кей ел ардагерлерге миллиондаған теңгеге тең қаржылай көмек көрсетсе, енді бірінде төлем көлемі аса көп емес. Қай мемлекет ардагеріне ең көп жәрдемақы береді? Толығырақ BAQ.KZ тілшісі материалында.
Соңғы жылдары соғыс ардагерлерінің саны күрт азайып келеді. БАҚ беттерінде жарияланған материалдарға сүйенсек, Ресейде шамамен – 7 мың, Беларусьта – 574, Өзбекстанда – 82, ал Қазақстанда 57 майдангер өмір сүріп жатыр. Сондықтан санаулы ғана қалған соғыс саңлақтарына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Сонымен кім қанша береді?

Қазақстан: 5 миллион теңгеге дейін
Қазақстан 2026 жылы да ТМД кеңістігіндегі ең жоғары төлемдердің бірін белгіледі. Биыл бірқатар өңірде соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңгеден беріліп жатыр. Жалғыз ғана ардагері қалған кей өңір 5,5 миллион теңге үйлестіруді жөн көрген.
Мысалы, Алматы қаласында 15 ардагерге 5 млн теңгеден төленді. Ал Қызылорда, Ақтөбе облыстары 5 501 400 теңге берді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы облысында соғыс ардагерлеріне 20 миллион теңге әлеуметтік төлем берілді.
Кей өңірде төлем көлемі төменірек. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында ардагерлерге 1,5 млн теңге көлемінде біржолғы көмек берілуде.
Қазақстанда тек майдангерлер ғана емес, оларға теңестірілген азаматтар да әлеуметтік қолдау алды. Оларға өңірге байланысты 50 мың теңгеден бірнеше жүз мың теңгеге дейін көмек қарастырылған.
Сарапшылардың пікірінше, ардагерлер санының азаюы мемлекет бөлетін қаржының ұлғаюына да әсер етіп отыр.
Өзбекстан: шамамен 4,5 млн теңге
Өзбекстан биыл ардагерлерге 30 миллион сум көлемінде төлем тағайындады. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 4,4-4,5 млн теңгеге тең.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен бұл төлем барлық соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне беріледі.
Бұдан бөлек соғысқа теңестірілген азаматтарға – 25 млн сум, тыл еңбеккерлеріне – 3 млн сум көлемінде көмек қарастырылған.
Қырғызстан: 200 мың сом
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2026 жылы ардагерлерге 200 мың сом көлемінде біржолғы көмек беру туралы шешім қабылдады. Бұл шамамен 2,2-2,3 мың АҚШ доллары немесе 1,1 млн теңгеден асады. Төлем Президент қорынан бөлінеді.
Көмек соғыс қатысушылары, концлагерь тұтқындары және Ленинград блокадасын бастан өткерген азаматтарға беріледі. Қырғызстанда да ардагерлер саны жыл сайын азайып келеді. Соған байланысты мемлекет бюджеті де біртіндеп қысқарып бара жатқаны айтылды.
Ресей: өңірге байланысты әртүрлі
Ресейде 9 мамырға арналған төлем жүйесі бірыңғай емес. Федералдық деңгейдегі негізгі төлем көлемі шамамен 10 мың рубльді құрайды. Алайда оған қоса өңірлік үстемақылар беріледі.
Мәселен, Мәскеуде соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, Ленинград пен Мәскеуді қорғауға қатысқандарға, сондай-ақ соғыс кезінде жарақат алып мүгедек болған азаматтарға 70 мың рубль көлемінде біржолғы көмек беріледі. Ал блокада куәгерлері, концлагерь тұтқындары, қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне 40 мың рубль төленеді.
Сонымен қатар 1931 жылдың соңына дейін туған азаматтарға 25 мың рубль қарастырылған.
Санкт-Петербургте төлем көлемі төменірек: ардагерлер мен блокада тұрғындарына 10-15 мың рубль, ал жесірлер мен соғыс жылдарында туған азаматтарға 5-10 мың рубль аралығында көмек көрсетіледі.
Беларусь пен Әзербайжан ше?
Беларусьте соғыс ардагерлеріне шамамен 5 мың беларусь рублі көлемінде көмек қарастырылған. Бұл – шамамен 700-800 мың теңге.
Ал Әзербайжанда ардагерлерге 2 750 манат көлемінде төлем беріледі. Бұл шамамен 1 600 доллар шамасында.
2026 жылғы мәліметтер ТМД елдеріндегі әлеуметтік саясаттың айырмашылығын анық көрсетіп отыр.
Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары ардагерлерге төленетін көмекті бірнеше есе арттырды. Ал кей мемлекетте төлем көлемі символикалық деңгейде қалып отыр.
Еске салайқ, бұған дейін Қазақстанда қанша ардагер қалғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар: Жеңіс күні қарсаңындағы статистика: Қазақстанда қанша ардагер бар?
Маңғыстау облысында жалғыз қалған соғыс ардагеріне қандай құрмет көрсетіледі?
5,5 миллион теңге сыйақы: Қызылорда облысында бір ғана ардагер қалды
Ең оқылған:
- Алматыда таңғажайып жағдай: Келіншек жүкті екенін босанатын күні ғана білген
- Жамбыл облысында бірнеше күннен бері іздестірілген ер адам табылды
- «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының реформаларын қолдайтынын мәлімдеді
- Дрон, жасанды интеллект, киберсоғыс: Қазақстан армиясы қалай өзгеріп жатыр
- "Сәлемдеме келді": Ақтөбеде алаяқтар тұрғынды несие алуға көндірмек болған
Аида БАТУХАН