Тізімдегілер несиеге телефон алған: Ұлттық банк осыған не айтты

9 Қыркүйек 2019, 15:11
5862
Бөлісу:
Тізімдегілер несиеге телефон алған: Ұлттық банк осыған не айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков өтелетін несиелер қалай іріктелгенін айтты. Ол кейбіреулер ұялы телефон, басқа да тұрмысқа аса қажетті емес заттардың несиеге алғанына қатысты түсініктеме берді. 

«Үкімет қаулысына сәйкес, нақты критерий белгіленген. Кредит кепілсіз тұтынушылық несие болуы тиіс, және де ол кәсіпкерлікпен байланысты болмауы керек. Яғни, басқа критерийлер, мәселен несиенің қандай тауар сатып алуға пайдаланылғанын көрсету қарастырылмаған», - деді Олег Смоляков ОКҚ брифингі барысында.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі халықтың «мен неге тізімде жоқпын?» деген сұрағына жауап берген болатын. Ал Ұлттық банк қара тізімге қатысты түсініктеме берген еді. Сондай-ақ, несие өтеу акциясы қашан аяқталатыны белгілі болды. 

Атап өтсек, 26 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлыққа сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. 


Өзгелердің жаңалығы