Мен неге тізімде жоқпын? – Вице-министр халықтың несие туралы сұрағына жауап берді

9 Қыркүйек 2019, 13:21
5070
Бөлісу:
Мен неге тізімде жоқпын? – Вице-министр халықтың несие туралы сұрағына жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова борыш жүктемесін азайту, яғни несие жабу шаралары жайлы айтып берді.

«Бізде 5 санаттағы отбасылардың тұтынушылық қарыздары бойынша жұмыстар жүргізіліп, қазіргі уақытта көп сұрақ туындап жатыр. Біріншіден, 5 санат туралы айтып кетейін. Олар – көпбалалы отбасылар, оның ішінде 4 баласы кәмелетке толмаған жаста болуы керек. Егер кәмелетке толып кетсе, балалар оқу орнында оқуы қажет. Және де, жанұяларда мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі балалары, бала кезінен мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтар болса, сол отбасылардың қарыздары кешіріледі. Және де, асыраушысынан айрылған отбасылар, егер балалар 18 жасына дейін әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалса, 29 жасқа дейін сол азаматтардың борышы жабылады. Ал қалған санат ол біздің атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санатынан. Негізі бірінші маусымға дейін сол санатқа жататын азаматтардың борыштары қарастырылады», - деді Светлана Жақыпова ОКҚ брифингі барысында.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні министрлік тізіміне барлық атаулы әлеуметтік көмек алушылар кіргізілген. 

«Қазіргі қоғамда туып жатқан сұрақтар, бірінші – неге мен тізімде жоқпын? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, егер көпбалалы отбасы болса, жұбайы туралы мәлімет ақпарат жүйесінде болмағандықтан, неке қию туралы мәлімет АХАТ базасында тіркелмегендіктен. Сол үшін біз ол азаматтарды Әділет министрлігінің ақпарат жүйесіне тіркеуге жібереміз. Олар АХАТ бөлімшелерінен өтіп, өздерінің мәліметтерін сол ақпарат жүйесіне тіркеуі тиіс. Екінші себеп, жаңағы айтып кеткен санат - асыраушысынан айрылған адамдардың мәліметтері азаматтық халықтық актілері туралы ақпараттық жүйеде жоқ. Сондықтан ол кісілерді тағы да Әділет министрлігіне жіберіп отырмыз. Егер көпбалалы жанұялардың балалары 18 жасқа толып, жоғары оқу орындарында оқып жүрсе, ол туралы мәлімет Білім министрлігінің ақпарат жүйесінде болуы тиіс. Егер болмаса, олар тізімге ілінбей қалады. Сол үшін біз отбасыларды Білім министрлігіне жіберіп, ақпаратқа дұрыс мәлімет енгізіп, толық қосымша тізім жасап жатырмыз», - деді Жақыпова.

Атап өтсек, 26 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлыққа сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. 

Өзгелердің жаңалығы