Соңғы аптада елде өрт оқиғалары көбейіп кеткені мәлім. Республика аумағында жеті күн ішінде орын алған өрт деректеріне шолу жасадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шығысты шарпыған жалын
Қыркүйек басталғалы толастамаған тілсіз жау елді елеңдетіп отырғаны анық. Қазіргі уақытта шығыс өңірі ірі дала өрттерімен күресіп жатыр. Облыста өрт қауіптілігіне байланысты бесінші санатты күрделі жағдай қалыптасқан. Аймақ басшысы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз дегенімен, үш ауданда тілсіз жау ырыққа көнбей тұр.
Атап айтқанда, Алтай ауданында 700 гектарды, Күршім ауданында 300 гектар, Глубокое ауданында 35 гектар жерді өрт шарпыған. Табиғи апатты ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, әскерилер, орманшылар дамылсыз жұмыс істеуде. Сонымен қатар өрт сөндіруше МИ-8 тікұшақтары мен АН-24 ұшағы жұмылдырылған.
Кеңірек тоқталсақ, Алтай ауданындағы өрт таулы аймақта бұта мен шөпті шарпыған. Елді мекендерге қауіп төнбеді дегенмен, «Зырян» орман шаруашылығы мен «Быков» орманшылығына, Марқакөл және Бобровский орман шаруашылығы мен Төсқайың ауылдық округінің аумағына үлкен зиян келді. Алтайда 300-ге жуық адам және 24 техника тілсіз жаумен күресіп, әуеден 2 рет жалпы көлемі 6 тоннадай су төгілді.
Сондай-ақ Қатон-Қарағайға қарасты Каменный карьер ауылына өрт жақындауы себепті адамдар эвакуацияланды.
Ал ТЖД мамандары өрт жетуі қиын таулы аймақты шарпығандықтан оны өшіру қиынға соққанын алға тартты.
Қостанайдағы өрт. 200-ге жуық үй өртенді
Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрттен екі жүзге жуық адам баспанасыз қалды. Өрттен Аманқарағай елді мекені ең қатты зардап шекті. Сонымен қатар Озерное елді мекенінде 8 үй, Лесное ауылында 1 үй өртенді.
Облыстағы өрт 43 мың гектарды шарпыған. 2 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшіріліп, оннан астам адам жарақат алып, бір адамның денесі табылды.
Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚМ, ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері атсалысып, 211 техника жұмылдырылған.
Өрттен зардап шеккендер үшін шұғыл желі іске қосылып, психологтар жұмыс істеуде. Сондай-ақ облысқа 15 автоцистерна, екі вахта автобусы, 1 қызметтік көлік, Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен 98 адам көмекке жіберілді. Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 9 техника мен 50 адам, Солтүстік Қазақстаннан 6 техника мен 50 адам, қосымша Атбасар мен Новоишимка ауылдарынан екі өрт сөндіруші пойыз көмекке барды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуы керек болған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кейінге қалдырылды. Алайда Президент өртпен күресті тікелей қадағалау үшін арнайы іссапармен барды. Үйсіз қалған тұрғындарға үш айда жаңа баспана салдырып беруге уәде етті.
Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қарағандыда 350 гектарға жуық дала өртенді
Қарағанды облысында бір күннің ішінде 17 табиғи өрт тіркелді. Тілсіз жаудың тұтануына ауа температурасының жоғарылығы мен 20 м/с-ке жеткен желдің жылдамдығы себеп болған.
Облысқа қарасты Шопа елді мекенінде 1 мың гектардан астам жер өртенген. Одан басқа, Қызылтау ауылының маңында 300 гектардан астам аумақты өрт шарпыды. 360 адам мен 80-нен астам техника тілсіз жауды өшіруге белсене кірісті. Қазіргі уақытта 8 өрт ошағын мамандар сөндіріп жатыр.
Сонымен қоса, Саран тасжолы бойында құрғақ шөптен тұтанған өрт дер кезінде ауыздықталған.
Абай облысында өрт қаупі сейілмей тұр
Абай облысының оңтүстігінде өрт қаупі әлі сейілмей тұр. Бесқарағай, Абай, Үржар, Жарма аудандары мен Курчатов қаласының маңында құрғақ шөп тұтанып, өрт шыққан. ТЖД, Қорғаныс министрлігі, шекара қызметі, жергілікті атқару органдарының қызметкерлері өртті сөндірген.
Соңғы ақпараттарға сәйкес, Үржар мен Аягөз аудандарында табиғи апатпен күрес жүріп жатыр.
Өртті жоюға желдің күшеюі кедергі келтіруде.
Бұған дейін облыс тұрғындарына өрт қаупіне байланысты «Семей орманы» табиғи орман резерватына баруға тыйым салынған болатын.
Алматыдағы өрт
Алматы қаласында Кеңсай зираты жақтағы тау етегінен өрт шықты. Жалынды жүздеген өрт сөндіруші мен сегіз техника ауыздықтауға атсалысқан.
Мамандардың айтуынша, өрттің алдын ала аумағы 1,5 гектар болған.
Атап айтқанда, Медеу ауданындағы тау бөктеріндегі Сәрсенбаев көшесіндегі 210, 220, 232 учаскелерде құрғақ шөп тұтанған.
Сонымен қатар облысқа қарасты Жамбыл ауданы Еңбекшіарал кентінің маңындағы ағаштарды қасақана өртеген ер адам ұсталды.
Ақтөбеде 500 гектар жер жанды
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Т. Жүргенов ауылынан 42 шақырым жерде құрғақ шөп жанған. Өрт аумағы 500 гектар жерге тараған. Өрт әрі қарай бидай алқабына өршіп, барлығы 700 гектар жер жанып кетті. Өрттен зардап шеккендер жоқ.
Түркістандағы табиғи парк өртенді
Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Шеңгелді ауылынан 5 шақырым жерде «Түркістан-Сырдария» өңірлік табиғи паркінің аумағын тілсіз жау шарпыды. Белгілі болғандай, 10 гектарды құраған құрғақ шөп өртенген.
Жалын Ақмола облысын да айналып өтпеді
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Көкшетау» ұлттық паркіне қарасты Грибнов орман шаруашылығын да жалын шарпыды. Өрт сөндіруге желдің күшеюі кедергі келтірген. Мамандар жағдайды әлі бақылауда ұстап отыр.
Баянауылда дала өрті тұтанды
Павлодар облысы Баянауыл ауданында екі жерде дала өрті орын алды. Сәтбаев және Жаңажол ауылдық округінің маңайындағы жерлер өртке оранған. Жалпы 40 гектар жер жанып кеткен.
Дала өртін 30-дан астам адам сөндірген.
Еліміз өңірлерінде тұтанған өрт оқиғаларына қатысты Парламент депутаты Ерлан Сайыров өз ойын айтты. Ол өрттің тұтануына екі себеп бар деген пікірде.
Қазақстанның орман алқабы территорияның 5-пайыз ғана. Оның жартысы сексеуіл. Қоғамда бұл қайғылы жағдай бойынша бірнеше жорамал бар. Қасақана өрт қою және азаматтардың өртті абайсызда жасауы және табиғи апат. Қасақана өрт версиясын қарастыратын болсақ, бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдары өзінің есебін беруі қажет. Бұл өрттердің саяси астары да болу ықтимал. Ол мәселені қажетті органдар жіті тергеп-зерттейді деп ойлаймын – дейді ол.
Сонымен қатар, депутат табиғат аясына шыққан адамдардың мәдениеті, тазалыққа, қауіпсіздікке мән бергені орынды дейді.
Азаматтардың орман алқабында өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру өте маңызды. Бұл жөнінде барлық қоғам болып жұмыс істеген абзал. Орман алқабы еліміздің стратегиялық ресурсы. Өміріміздің өзегі деуге болады. Өрт сөндірушілер мен орманды қорғау қызметкерлерінің статусы мен материалдық-техникалық жадбықтау деңгейін көтеру мәселесі өте өзекті! Бұл мәселені депутаттар жүйелі түрде көтеріп келеді. Бұл ұсыныстар Қаржы министрлігінің тегеурініне тап болып отыр. Орманшылардың жалақысы, олардың транспортпен қамтылуы, киім-кешегіне назар аудару өте өзекті! – дейді Ерлан Сайыров.
Дегенмен, соңғы кезде біздің елде ғана емес, әлемнің көптеген елінде тілсіз жау жолындағының бәрін жайпап бара жатқанын естіп-біліп, көріп отырмыз.