TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін Қазақстан тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Істі Лисаков қалалық соты қарады.
Құқықбұзушылық интернетке мониторинг жасау барысында анықталды.
Іс материалдары бойынша, ер адам әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтқан. Оның бұл әрекеттері айналасындағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланды.
Ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 434-бабының 1-бөлігі – ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік материал жасалды.
Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін жеткізді. Бұл жайт жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.
Нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20 сағаттан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Астанада TikTok-та әдепсіз видео жариялаған шетелдікке айыппұл салынды.
Тағы оқи отырыңыз:
Непал Meta мен TikTok-тан су тасқыны туралы жалған видеоларды жоюды талап етті
Семейде TikTok-та тікелей эфир жүргізген бойжеткен қамауға алынды
TikTok-та диван сатқан әйел сотталып кетті