Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Мемлекет басшысы Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияға барды. BAQ.KZ Президент әкесінің тағдырымен байланысты әрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасының нышандарының біріне айналған білім ордасының тарихы туралы баяндайды.
Бішкектегі №33 мектеп-гимназияның 80 жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде ол толық емес орта мектептен экономика мен құқықты тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназияға дейінгі жолдан өтті.
Мектеп ғимараты 1940 жылы салынған және қалалық маңызы бар тарихи ескерткіш мәртебесіне ие. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Онда әскери дайындықтан өткендердің қатарында қазақ жазушысы, майдангер Кемел Тоқаев пен Рахымжан Қошқарбаев болған.
Соғыстан кейін, 1947 жылғы 1 қыркүйекте мектеп қайтадан білім беру мекемесі ретінде жұмысын бастады. 2012 жылы оған мектеп-гимназия мәртебесі берілді. Қазір білім ордасы Бішкектің Свердлов ауданында орналасқан.
Мектепке Кемел Тоқаевтың есімі неге берілді?
Мектепке Кемел Тоқаевтың есімі 2025 жылғы мамырда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың бастамасымен берілді.
Кемел Тоқаев 1923 жылы дүниеге келген. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін белгілі жазушы әрі қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың біріне айналды.
Қырғызстан Президенті әкімшілігінің мәліметінше, №33 мектеп Бішкектегі үздік он білім беру мекемесінің қатарына кіреді.
2024 жылғы мамырда мектепте Рахымжан Қошқарбаев пен Кемел Тоқаевқа арналған патриоттық бұрыш ашылды. Онда білім ордасының тарихы, екі қазақстандықтың өмірбаяны мен майдан жолына қатысты материалдар қойылған. Сондай-ақ сол кезде Қазақстаннан жеткізілген архив құжаттары мен кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан мектепке не берді?
Білім ордасының Қазақстанмен байланысы бүгінде оның атауымен ғана шектелмейді. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды тасымалдау үшін мектепке автобус сыйлаған.
2025 жылғы тамызда мектепке жаңа компьютерлер, интерактивті тақталар және басқа да жабдықтар берілді. Сонымен қатар үздік түлектердің Алматыдағы Satbayev University-де тегін білім алуы үшін үш орын бөлінгені хабарланды.
2025 жылғы 22 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров мектепке бірге барды. Президенттер ғимаратты аралап көріп, мұғалімдер және оқушылармен кездесті. Қазақстан Президенті оқушыларға табыс тілеп, білім ордасы болашақ көшбасшылар мен білікті мамандарды тәрбиелейтініне сенім білдірді.