Тиісті нормалардың қабылдануы саяси бәсекені дамытуға септігін тигізеді – Қарин

5 Мамыр 2021, 13:46
1147
Бөлісу:
Тиісті нормалардың қабылдануы саяси бәсекені дамытуға септігін тигізеді – Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің пленарлық отырысында президенттік саяси реформалар пакеттерін жүзеге асыру бойынша негізгі заң жобалары қаралды, деп жазды Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған болатын.

Бұдан бөлек, 13 сәуірде Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде аталған заң жобаларының таныстырылымы өтті. Одан кейін бұл құжаттар бойынша жұмыс тобының 12 отырысы өткізілді. Заң жобаларын талқылауға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Марат Шибұтов, Рақым Ошақбаев, Андрей Чеботырев, Марат Башимов, Эльдар Жұмағазиев және басқа азаматтар қатысты.

Осы айтылған құжаттар ауыл әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың Мәжіліске өтуі үшін белгіленген шекті бағамды 7-ден 5 пайызға дейін төмендету және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «баршаға қарсы» бағанын қосу мәселесіне қатысты қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейді, - деді ол.

Осыған орай «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасына сәйкес ауыл әкімдерінің сайлауын тағайындау және өткізу, кандидаттарды ұсыну және тіркеу, кандидаттарға қойылатын талаптар және басқа да мәселелер бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға жаңа нормалар енгізу көзделген. Осы өзгерістер мен толықтырулар қолданыстағы заңнамаға енгізілгеннен кейін ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың жалпыға ортақ тәртібі белгіленеді. Жалпы, 4 жыл ішінде 2 345 әкімді, соның ішінде 2021 жылы 836 әкімді сайлау жоспарланып отыр. Бұл нормалардың қабылдануы саяси бәсекені дамытуға және азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға септігін тигізеді, - деді Ерлан Қарин.



Өзгелердің жаңалығы