Теріс ағымдарға тойтарыс беруде дәстүрлі дін өкілдері белсенді болғаны жөн – саясаттанушы

5 Желтоқсан 2021, 12:26
1292
Бөлісу:
Теріс ағымдарға тойтарыс беруде дәстүрлі дін өкілдері белсенді болғаны жөн – саясаттанушы

Алматы, BAQ.KZ. Дәстүрлі молдалар бара бермейтін колониялардың бірқатары салафизм мен уаххабизмнің таралу ошақтарына айналып жатқаны тағы бар. Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы facebook-тегі парақшасына жазды.

Оның айтуынша, бүгінде жан-жақты білім алып толысып ысылған, елді имандылыққа уағыздаушы имам-молдалардың саны көбейген. Дегенмен, кірме идеологияны, радикалды ұстанымды дәріптеуші топтарға келгенде әттегенайлар мен тәуекелдер әлі жеткілікті.

Әсіресе дағдарыстан күйзелген, руханияты әлсіреген ортаны өз дегеніне қаратып қатерлі жолға айдап салу жағы әлі айтарлықтай қиындық тудыратынын ескерсе. Рас, алдыңғы ретте бұл мемлекеттік орындардың жауапкершілігі болып табылады. Отбасындағы тәрбие мен зиялы қауымның ұлағыты да өзіндік маңызға ие. Десе де рухани құндылықтарымызды жоққа шығарушы теріс ағымдарға тойтарыс беруде дәстүрлі дін өкілдері де белсенділік танытқан жөн. Бұл бағытта еш нәрсе жасалып жатқан жоқ дегеннен аулақпын. Бірақ баспасөзде, әлеуметтік желілерде, өз басым қатысқан шараларда ықтимал қауіптерден сақтандыру, адасқандарды дұрыс жолға қайтару, Ханафи мазхабының тағлымын жеткізу тұрғысында мүфтият өкілдерінің тұщымды насихатын жиі көремін деп қайта айта алмаймын,-деп жазды саясаттанушы.

Сонымен қатар ол шалғай жатқан елдімекендерде аталған жәйт кей кездері тіпті алаңдататынын жеткізді.

Дәстүрлі молдалар бара бермейтін колониялардың бірқатары салафизм мен уаххабизмнің таралу ошақтарына айналып жатқаны тағы бар. Айтпағым – қазір кәдімгі иделогиялық майдан жүріп жатқанда рухани азыққа зәру қоғам келімсектердің жетегінде кетіп қалмауы үшін дін саласының мамандары кең ауқымда, баспасөзді, теледидарды, заманауи басқа да тетіктерді ұтымды пайдалана отырып үлес қосса. Бұнымен тиісті салада еңбек етіп ел қамын ойлаған отандық мамандардың тапшылығын иә олардың қауқарсыздығын меңзеп отырған жоқпын. Мәселе мемлекет деңгейінде білімі де айтары бар осындай азаматтарға тиісті мүмкіндіктер беріліп құзіретін кеңейтуге келіп тіреледі,-деп жазды Р. Жұмалы.

Өзгелердің жаңалығы