Теңге VS доллар. Ұлттық қордан балаларға берілетін төлемге инфляция әсер етпей ме?

14 Маусым 2023, 11:27
717
Бөлісу:
Теңге VS доллар. Ұлттық қордан балаларға берілетін төлемге инфляция әсер етпей ме?
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив

Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қордан бөлінетін қаржы доллармен жиналатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы заң жобасын қарастырғанда инфляция мәселесін қарастырдық. Ақша доллармен жиналады. Ең бастысы жинақталған қаражат доллармен беріледі, яғни 18 жасқа толғанда балалар ақшаны доллармен алады. Сол себепті ешқандай инфляция болмайды, - деп айтты Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Мәжілісте.

Ұлттық банк өкілі Әлия Молдабекова да төлем доллармен жиналатынын айтып, инфляцияға қатысты мәселені түсіндіріп берді.

Қаржы министрлігіндегі әріптесім айтқандай, біз Ұлттық қор қаражатын долларда ұстаймыз. Әрине, АҚШ долларының инфляциясы ҚР инфляциясынан төмендеу. АҚШ долларының инфляциясы 2 пайыздан 4 пайызға дейін шамасында болады. Сол себепті ҰҚ-ның кірістілігін біз сол АҚШ долларының инфляциясымен салыстырамыз, - деді ол.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағанын еске сала кетейік.

Сондай-ақ, депутат Дәулет Мұқаев Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін төлемге қатысты мәселе қозғап, 3 500 доллар не білімге не үйге жетпейтінін айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы